ҚАРА ТЕҢІЗ жағалауы, РАУШАН ГҮЛІ ФЕСТИВАЛІ - Болгарияға саяхаттап көрдіңіз бе?

0
4 639

Одан бөлек, құмды жағажайда демалу үшін де өте ыңғайлы.


ҚАРА ТЕҢІЗ жағалауы, РАУШАН ГҮЛІ ФЕСТИВАЛІ - Болгарияға саяхаттап көрдіңіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Болгария – кәрі құрлықтың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Балқан түбегінде орналасқан. Болгарияның Батыс және Орталық Еуропа мен Таяу және Орта Шығыс арасындағы жол торабында орналасуы елдің туризміне үлкен пайдасын тигізеді. Оның үстіне, ел аумағы мәдени және тарихи көрікті орындарға толы. Сонымен қатар, ондағы демалыс орындарында туристер үшін керемет жағдай жасалған және ойын-сауық үшін шексіз мүмкіндіктер сыйлайды. Жаздағы демалыс туралы ойлансаңыз, осы елді таңдауға болады. Ал, біз Болгариядағы демалыс бағыттарын ұсынамыз.


Раушан фестивалі



Болгариядағы жаз әлемге әйгілі, 1903 жылдан бері жыл сайын тойланатын, сұлулық пен хош иіс сыйлайтын дәл осы ең керемет фестивальмен басталады. Фестиваль екі елді мекенде, жұп жылдары Казанлыкта, тақ жылдары Карловода кезектесіп өтеді және оған кез келген турист қатыса алады.



Фестиваль раушан алқаптарындағы салттық жиынмен басталады, содан кейін мерекелік шаралар қала көшелерінде жалғасады. Сондай-ақ, мәдени бағдарламаға ән-би кештері және «Раушан Ханшайымы» сайысы кіреді.



Айта кетейік, 2019 жылы «Раушан фестивалі» 31 мамырдан 2 маусымға дейін өтеді деп жоспарланған.


Күн сәулелі жағажай



Бұл – Болгариядағы ең танымал және жанданған, ұзындығы 8 шақырым, ал ені 100 метр ұсақ алтын түстес құмды курорт. Көркем көрініс, теңіз және таулар керемет үйлескен жағажай демалыс үшін тамаша таңдау болады. Сонымен қатар, мұнда спортпен айналысуға, кешке ән айтып, би билеп көңіл көтеруге мүмкіндік жасалған. Ал, тарихи орындарды көргісі келетіндер көршілес көне Несебр, Бургас қалаларына саяхаттай алады.


«Алтын құм» жағажайы



«Алтын құм» – Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы, Варна қаласынан 18 шақырым жердегі қорық аумағында орналасқан ең үлкен демалыс орны. 3,5 шақырымға созылатын курорт аумағында көптеген минералды көздер бар. Олардың емдік қасиеттері негізінде түрлі сауықтыру шараларын ұсынатын бальнеологиялық орталықтар құрылған. Сонымен қатар, бұл жерден жағажай волейболы, яхтамен серуендеу, су шаңғысымен сырғанау, су велосипедтерін тебу, су мотоциклдері, дайвинг, виндсерфинг, парасейлинг сияқты кез келген талғамға арналған ойын–сауықты табуға болады.


«Әулие Константин және Елена»

«Әулие Константин және Елена» – 1908 жылы құрылған Болгар жағалауының алғашқы және ең ескі курорты. Ол Варна қаласынан 8 шақырым жердегі кипарис, лалагүл, бухталар, құмды жағажайлары бар ескі саябақта орналасқан. Онда сауықтыру орталықтары, емдік қасиеттерімен танымал минералды ыстық су бассейндері жұмыс істейді. Ал, біз айтып отырған температурасы +48°C жететін жер асты минералы екі шақырым тереңдіктен көтеріледі екен.



Сонымен қатар, демалыс аймағындағы заманауи мейрамханалар ұлттық және еуропалық тағамдардың түр-түрін ұсынады. Ал, кешке ойын-сауық орталықтарында көңіл көтеругенемесе курорт саябағында серуендеуге болады.


Несебр

Несебр – Болгариядағы Қара теңіз жағалауында орналасқан көркем жерлердің бірі. Қала – құрлықта орналасқан жаңа Несебр және түбекте орналасқан ескі Несебр болып екіге бөлінеді. Жаңа Несебрде көптеген заманауи үйлер, қонақүйлер, ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалар бар, ал ескі Несебер тарихи құндылықтарымен танымал. Ескі қала Болгар және ортағасырлық сәулет өнерінің шынайы шедеврлерін сақтап қалған. Сондықтан, 1983 жылы Несебр ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасының тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, түбектің ең басты байлығы – көне храмдарға толы Несебрді «40 шіркеудің қаласы» деп атап кеткен.



Несебр жайбарақат демалысқа өте қолайлы орын. Онда қайталанбас жайлылық пен үйлесімділіктің атмосферасын құрайтын жартастар, әсем жағажайлар, таза теңіз бар. Сонымен қатар, туристерге жайлы болу үшін барлық жағдай жасалған.


«Әулие Влас»



Әулие Влас курорты – қарт тау етегіне жақын орналасқан, 1.5 шақырымға созылған жағажайы бар Болгариядағы ең жаңа курорттардың бірі. Соңғы жылдары бұл орын туристер арасында жазғы демалыс үшін ең заманауи және танымал орындардың біріне айналды. Мұнда отбасылық демалыс үшін де, жеке демалыс үшін де ыңғайлы.


«Поморие»



«Поморие» – Болгария теңізіндегі белгілі бальнеологиялық орталық. Қаланың бір жағында жартасты, ал екінші жағында құмды жағажайлар бар. Қалашық б.з.д. IV ғасырда құрылған және адамдар оған «Анхиалос» – «тұз маңында» деген атау берген. Ертеден бері қала емдік балшықпен, минералды сумен, құрамында темір бар құммен, сондай-ақ шараптарымен танымал болған. Сонымен қатар, қаладан көрікті жерлерді де көре аласыз. Тіпті, онда «Поморияның ескі үйлері» архитектуралық қорығы – Қара теңіз жағалауына тән XIX ғасырдың қисық қуырылған ұлулары мен болгар үйлері сақталған көне орам бар.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Шымкенттегі танымал дәмханалар


ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА демалғыңыз келсе, МАУСЫМ айында мына елдер ыңғайлы