Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазуларда не айтылған?

0
25 114

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін өзіне арнап соғылған осы орынға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай зиярат ету орнына айналды.


Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазуларда не айтылған?

Көрнекілік суреттер: Ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Аталған ғимарат XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған.


Қазіргі таңда Түркістан облысының орталығында орналасқан кесенеге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен зиярат етушілер ағылып келіп жатады. Кесене Түркістан қаласының ең қасиетті, әрі көрікті бөлігі болып табылады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.


Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Сондай-ақ, Ақсақ Темірдің әмірімен Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына дүниежүзілік сәулет өнеріне белгілі ескерткіш орнатылған.


Ғимараттың кіре беріс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды... Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!».


Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ерекшеліктері:

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сызбасы


Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:

1. Қазандық;

2. Үлкен Ақсарай;

3. Кіші Ақсарай;

4. Құдықхана;

5. Кітапхана;

6. Асхана;

7. Көрхана;

8. Мешіт.


Өрнектелген жазулар


Ғимараттың орта бөлігіне үлкен көлемдегі өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлігіне) биіктігі — 1,85 м тас кенере жүргізілген. Ӏрге бөлігі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құраннан алынған сөздер жазылған. Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриздің биіктігі — 2,37 м. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіш¬термен көлеңке түсірілген.

Жазулардың арасынан "Алла", "Мұхаммед", "О, жарылқаушы", "Билік Аллада", "Алла менің әміршім" деген секілді, т.б. сөздерді оқуға болады. Кесененің солтүстік-шығыс бетінде Ӏлияс хан ойығының үстіндегі фриз соңында "Шираздық Қожа Хасан" деген сөз және "һиджраның 800 жылы" деп жазылған.

Сондай-ақ, көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтайшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд әл-Уақабтың есімі жазылған. Ол күмбездің қатпарлы қабырғаларына өрнектер жасаған шебер болған. Бас порталдың екі жағы биік мұнарамен жиектелген зәулім аркасы бар. Оның ені — 50 метрге, ішінің ұзындығы — 18,2 метрге, биіктігі — 37,5 метрге тең. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үш бұрыш тәрізденіп көрінеді. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасығана бар-ды, оныңқұрылысын 1583-98 ж. Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтады. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған.


Тайқазан (Қазандықта (Орталық зал) орналасқан)


Орталық зал — қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төртбұрышты бөлме. Қазандық күмбезі сегіз қырлы, діңгек үстіндегі желкенге табан тірейді. Қазандық күмбезінің ішкі жағы — 18,2 метрге, сырты — 20,5 метрге тең. Қазандық көрхана және мешіт қабырғаларының төменгі жағы алтыбұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі — 1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен көлеңкелендірілген.

Ал еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да халық өнерінің лағыл-маржандарының қатарына жатады. Бұларда да оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һиджраның 799 жылы 20 рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі — әулиенің көрханасы болып табылады. Бұл — қабырғаларының ұзындығы — 7,15 метрлік төртбұрышты бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен әшекейленген тайыздау ойықтары бар. Көрхананың төбесі қос қабатты күмбезбен көмкерілген. Ішкікүмбезі — құрылыстық, сыртқы күмбезі — көркемдік міндет атқарады. Көрхана күмбезі бұрыш-бұрыштағы төрт білікке тіреліп, биік мойындықпен көтерілген. Сыртқы күмбезі қатпарлы. Бұл қатпарлар өсімдік өрнекті пішіндес мозаикамен қапталған. Солтүстік портал қабырғаларының көркемдігі көрген жанды таң қалдырады. Үш ширектік діңгекшелері алтықырлы тақталармен қапталған, көгілдір түсті бояулармен айшықталған.

Көрхананың дәл ортасында Қожа Ахмет Ясауидің сағана-құлпытасы орнатылған. Ол жасыл түсті яшмадан жасалған, ернеуіне нәзік өрнектер салынған. Қазандық пен көрханадағы Сафар шебер өрнектеп жасалған ағаш есіктер көркемдігімен көз жауын алады. Көрхана есігінің ою-өрнектері сүйекпен ерекше нақышталған. Есік жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Есіктің үстіндегі тастақтайға көрхана Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылғандығы жайында жазылған. Кесененің мешіті де аса бір тамаша архитектуралық құрылыс.


Кесене ішіндегі Құдықхана


Ол мойындығында 16 терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады.

Сонымен қатар, мешіттің батыс жақ кабырғасына Меккедегі Қағба сияқтандырып 3,5x2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суретімен әшекейленген. Михраб — жебе ұшты арқасы бар ойық. Бұл ойық көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған ақ әріптермен Құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады.

Кесененің оңтүстік-батыс жағында діншілдердің ораза ұстауына және Құдайға құлшылық етуіне арналған жер асты мінажатханалары Қожа Ахмет Ясауидің көзі тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған. XVI ғасырда мешітке іргелес қосалқы бөлмелер тұрғызылған. Бұлар: батыс беткейдегі дәрет алатын тахаратхана мен Үлкен Ақсарайдың солтүстік- шығысындағы "балхи" тәсіліндегі иықпен көмкерілген жер асты зираты.


Сондай-ақ, XVI ғасырдан кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның төңірегінде Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б. белгілі адамдар жерленген.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ