Мұндай әуе сапарының билет құны қанша?
Фото: luxurylaunches.com
Ұшақпен сапарлау дегенде көпшілігіміз жылдам жету туралы ғана ойлаймыз. Ең үлкен тілегіміз – жайлы орындық, жақсы қызмет көрсету және тыныш көрші болар. Ал әлемдегі ең бай жолаушылар үшін әуе сапары мүлде басқа деңгейде өтеді.
Люкс санатындағы әуе компаниялары жолаушыларға аса ерекше қызметтер ұсынады. Мұнда жолаушы өзін жолсапарда емес, бес жұлдызды қонақүйде демалып жатқандай сезінеді.
Әлемдегі ең қымбат әуе сапарларының қандай артықшылығы бар? Оған қол жеткізу үшін қалтаң қаншалықты қалың болуы керек? Қарапайым жолаушылар да осындай «аспан сарайларында» ұша ала ма? Ұшақ бортында және әуежайда көрсетілетін ерекше премиум қызметтер рейтингін ұсынамыз.
Айта кету керек, рейтингке жеке ұшақ қызметтері, қолданыстан шығарылған ұсыныстар және әлі іске қосылмаған жобалар қосылмаған.
Бір кездері борттағы төсекке айналатын кресло талай жолаушыны таңғалдырған еді. Ал қазір таңдай қақтыру үшін ол жеткіліксіз. Сондықтан әуе компаниялары басқалардан ерекшелену үшін түрлі кеңістіктер орнатып әлек.
Үздік үштік
- Бірінші орынды Etihad Airways ұсынған үш бөлмелі әуе резиденциясына беруге болады. Бұл – ұшақ бортындағы үш бөлмеден тұратын жеке апартамент. Онда жеке жатын бөлме, душ қабылдайтын арнайы бөлме және қонақ бөлмесі бар. Яғни жолаушы бүкіл сапар бойы өз үйінде жүргендей демала алады.
- Екінші орынға Emirates компаниясының A380 ұшағы лайық көрінеді. Ұшақ бортында жеке душ бөлмесі қарастырылған. Shower Spa қызметі тек бірінші класпен ұшатын жолаушыларға арналған. Ішінде айна алдындағы арнайы аймақ, киім ауыстыратын орын және жылытылатын еден жасақталған. Осылайша, жолаушыларға 12 мың метр биіктікте де душ қабылдап, сергіп алу мүмкіндігін сыйлайды. Бір қызығы, душ бөлмесіне 30 минут берілгенімен, судың өзі тек 5 минут қана ағады. Ұшақтағы су қоры шектеулі болғандықтан, арнайы таймер орнатылған.
- Үздік үштікті Швейцарияның SWISS әуе компаниясы ұсынған First Grand Suite толықтырды. Оның басты ерекшелігі – бірнеше жолаушыға арналған кең әрі жеке кеңістік. Бұл қызмет 2025 жылы таныстырылып, 2026 жылы қолданысқа енгізілген. Ұзақ қашықтыққа қатынайтын рейстерде бірінші кластағы қатар орналасқан екі орын, олардың арасындағы өткелмен қоса, біртұтас оқшауланған аймаққа біріктіріледі. Бұл кеңістікті жатын бөлме, жұмыс кабинеті немесе үш адамға дейін қатыса алатын шағын кездесу бөлмесі ретінде пайдалануға болады.
Алдыңғы қатарлылардың келесі төрттігі
- Singapore Airlines – Suites және Lufthansa – Allegris Suite Plus: Аталған әуе көліктерінде екі адамға арналған жеке кресло, кең төсегі бар люкс кабина жасақталған.
- Japan Airlines – A350-1000 First Class: Ені 1,23 метр болатын мини-бар және 43 дюймдік экраны бар жеке люкс бөлме ұсынады.
- Emirates – Onboard Lounge: A380 ұшағының бортындағы коктейль-бар ұйымдастырылған.
- Qatar Airways – Al Safwa First Lounge: Ұшаққа отырмас бұрын гидромассажды джакузиі бар демалыс аймағында тынығу мұмкіндігін пайдалана аласыз.
Әдетте мұндай әуе сапарларында бортта жеке аспаз жұмыс істейді. 10-12 мың метр биіктікте адамның дәм сезу рецепторлары 30%-ға әлсірейді. Сондықтан люкс кластың аспаздары тағамға Жердегіден өзгеше дәмдеуіштер қосып, басқаша тәсілмен дайындайды. Қара уылдырық, сирек кездесетін сусындардан мәзір ұсынады. Ас ішуге фарфор ыдыстар, күміс ас құралдары қойылады.
Жолаушыларға Bvlgari, Giorgio Armani немесе Le Labo сияқты люкс брендтердің косметика жинақтары мен дизайнерлік пижамалар беріледі. Оларды жолаушы өзімен бірге алып кете алады.
«Аспандағы апартаменттерде» ұшу қанша тұрады?
Мұндай әуе сапарларының бағасы тұрақты емес. Ол бағытқа, ұшу қашықтығына, маусымға және билет сатып алынған уақытқа байланысты өзгереді. Оның үстіне, рейтингтегі қызметтердің бәрі бірдей жеке апартамент емес: кейбірі – бірінші класс кабинасы, ал кейбірі – ұшақ ішіндегі бар немесе әуежайдағы VIP демалыс аймағы.
Орта есеппен алғанда, рейтингке іліккен 7 әуе кемесінің билет бағасының ең төменгі шегі 1,4 млн теңгеден басталып, 14 млн-ға дейін жетіп жығылады. Әрине, бұл тұста бағаның өзгеріп тұратынын және доллардың теңгеге шаққандағы бағамы да бір орында тұрмайтынын ескеру керек.
Тағы бір маңызды жайт, бұл қызметтердің барлығы әр рейсте ұсынылмайды. Олардың қолжетімділігі ұшақ моделіне, бағытына және нақты рейстің жабдықталуына байланысты.
Қарапайым жолаушы қалай қол жеткізе алады?
Сәттілік серік болса, миллиондаған теңге төлемей-ақ люкс класпен ұшудың әлемдік тәжірибесі бар.
Бірінші жолы – бонустық мильдер (Miles & Points). Көптеген саяхатшылар банк карталары мен әуе компанияларының серіктестік бағдарламалары арқылы жиналған мильдерді бірінші класс билетіне айырбастайды.
Екінші амал – соңғы сәттегі апгрейдті пайдалану. Ұшаққа отыруға бірнеше сағат қалғанда бос орындар қалса, әуе компаниялары билетті әлдеқайда арзан бағаға ұсынады немесе аукцион арқылы сатады.
Үшінші тәсілі – қысқа бағыттарды таңдау. Мысалы, Emirates-тің A380 ұшағымен Дубайдан Еуропаға емес, Бангкок – Гонконг сияқты қысқа аралыққа бірінші класпен ұшу бағасы әлдеқайда қолжетімді болады. Шамамен 300–500 мың теңге айналасында. Есесіне душ пен коктейль-бар қызметін толық көресіз.
Дайындаған: Бауыржан Мейірханұлы,
Тағы да оқыңыз:
Алматы – Токио тікелей рейсі ашылады: Жапония сапарын қалай жоспарлау қажет?


