НАУРЫЗда қай ЕЛГЕ барып, ЖАҒАЖАЙДА демалуға болады?

0
521

Наурызда мына елдерге бару арқылы жазды өз қолыңызбен жақындата аласыз.


НАУРЫЗда қай ЕЛГЕ барып, ЖАҒАЖАЙДА демалуға болады?
Ұзақ суықтан соң суға шомылып, күнге қыздырынуға асығып жүрсіз бе? Сарыла күтудің қажеті жоқ. Наурызда мына елдерге бару арқылы жазды өз қолыңызбен жақындата аласыз. Жағажайдағы демалыстан бөлек, дайвингпен, серфингпен аналысып, тархи-мәдени нысанарын аралауға мүмкіндік бар.

Шри-Ланка
Шри-Ланка – наурыз айында теңізге шомылу үшін тамаша бағыт. Онда дайвинг және серфинг, тұмса табиғаты бар ұлттық саябақтар және әйгілі шай плантациялары, ежелгі қалалар мен жарқын фестивальдар күтеді. Бұл айда Шри-Ланкада қыстағыға қарағанда жаңбыр көп жаууы мүмкін. Соған қарамастан, ауа райы керемет болып тұрады. Күндіз ауа тұрақты +30°C дейін қызады, мұхит суының температурасы бірнеше градусқа төмен.
Наурызда демалу үшін аралдың солтүстік-шығыс жағалауын таңдаған дұрыс: Тринкомали, Калкуду және Пасикуду, Аругам шығанағы. Бұл жерлерде ауа райы оңтүстікке қарағанда сәл салқын және құрғақ, ал толқындар аз. Ең танымал курорттар: Унаватуна, Бентота, Негомбо, Тангалле, Маунт-Лавиния. Ал белсенді экскурсиялық саяхат үшін Уилпатту ұлттық паркіне, Пиннавелдегі пілдер мекеніне, Сигирия жартасына баруға болады. Сигирия жартастың айналасында ежелгі субұрқақтар, су және тас бақтары бар саябақ орналасқан.

Тайланд
Суық қыстан ыстық жазға бірнеше сағат ішінде ауысудың тағы бір амалы – Таландқа бет алу. Жағалаудағы ауа температурасы +28... + 33°C, ал теңіз суы +28... + 30°C. Егер арзанырақ нұсқа іздесеңіз, Паттайяны таңдаңыз. Белсенді жастар мен баламен баратындар көбіне Пхукетке түседі. Ал Самуил аралы – тұмса табиғат патшалығы. Ең ғажап жағажайлар мен ең таза теңіз осында, бірақ бағасы да айтарлықтай жоғары. Жағажайлары тамаша, алайда туристері аз тағы бір көркем жер — Краби.
Көктемнің басында Таиландтағы туристік маусым аяқталуға таяйды. Сондықтан онда тұру және ойын-сауық бағасы төмендейді.

Вьетнам
Мұнда демалу арзан, жағажайлар таза. Наурызда елдің солтүстігінде ауа температурасы +20°С шамасында, мезгіл-мезгіл жаңбыр жаууы мүмкін. Сондықтан бұл аймағы экскурсиялық демалыс үшін қолайлы болады, бірақ жағажай үшін емес. Ал оңтүстігі айтарлықтай жылы (тіпті ыстық). Мәселен Фукуок аралында ауа + 33... + 35 ° C дейін, су + 30... + 32°C дейін жылынуы мүмкін. Суға шомылғыңыз келсе, қорықпай таңдай беріңіз. Фукуокта шексіз жағажайлардан басқа, белсенді саяхат үшін тауларды да, батпақты да, ЮНЕСКО-ның биосфералық қорығын да табуға болады.
Егер дайвинг, винд- және кайтсёрфинг сынды судағы ойын-сауыққа қызығушылық танытсаңыз, Муйне мен Фантхьеттеге тоқтаңыз. Бірақ кішкентай балалармен баратын болсаңыз, онша жарамайды. Бұл аралдардың жағалауында балдырлар мен өткір қабыршақтар жиі кездеседі. Ыстық күн астында сапалы жағажайлық демалысты қаласаңыз, Вьенамның ең танымал және дамыған аралы – Нячангті таңдаңыз.

Мальдив аралдары
Мальдив аралдары – нағыз жұмақ мекен. Архипелагтағы демалысты арзан деп айтуға болмас. Бірақ бұл жағажайлар мен мұхитқа баруға мүмкіндік тапсаңыз, ондағы демалысты өмір бойы есте сақтайтын боласыз.
Мальдивтің басты артықшылықтарының бірі – жыл бойы жылы су және ылғал ауа. Наурызда демалушыларды құрлықта + 30... + 32°С ауа және + 28... + 30°С температура су қарсы алады. Наурыз – Мальдивтегі жаңбыр маусымы алдындағы соңғы ай. Наурыздың соңына қарай жауын-шашын мөлшері (әсіресе оңтүстік атолдарда) арта бастайды. Сәйкесінше туристер саны азаяды, бағалар аздап төмендейді.
Мальдив аралдары дайвинпен танымал. Жергілікті су асты әлемі жаңадан келгендерге де, кәсіпқойларға да қызықты болады. Маржан рифтері, түрлі-түсті жарқын бояулы тропикалық балықтар... Архипелагта көптеген дайвинг мектептері мен орталықтары жұмыс істейді, сондықтан қолымнан келмейді деп қорқуға негіз жоқ.

Доминикан
Қыстың суығынан кейін жылдам жылынғысы келетіндер үшін тамаша нұсқа. Наурызда аралда ауа + 26... + 28°С, су температурасы + 26... + 27°С дейін жылиды. Жауын-шашын да аз. Көп дегенде 5-6 күн бұлтты болар, оның өзі де негізінен солтүстік облыстарында.
Аралдың солтүстігіндегі Атлант мұхитында да, оңтүстігіндегі Кариб теңізінде де шомылуға болады. Су барлық жерде тыныш, дауыл мен тайфунсыз.
Доминиканның ең танымал және әмбебап курорты – Пунта-Кана. Мұнда бес жұлдызды қонақ үйлер, толқындар мен маржандарсыз қауіпсіз жағажайлар және сёрфингке арналған лайықты орындар күтеді. Қалаға жақын жерде қызықты, көрікті жерлер жоқ. Жаңа әсерлер үшін ұзағырақ экскурсияға баруға тура келеді. Мысалы, Саона аралына немесе Дамахагуа өзеніндегі сарқырамаларға.
Балалармен тыныш және бюджеттік демалысқа қол жеткізу үшін Кариб теңізіндегі курорттар, мысалы, Ла-Роман және Байяиба қолайлы. Мұндағы жағажайлар тыныш және ұсақ, жұмсақ құмды.
Белсенді демалыс үшін аралдың солтүстігі ыңғайлы. Кабарете курорты – өңірдегі серфингтің астанасы. Ақпан және наурыз айларында бұл жерде толқынға түсу үшін жақсы жағдайлар жасалған.
Пуэрто-Плата ең таза жағажайлармен танымал. Сосуа маңындағы табиғат өте әдемі: үңгірлер, сарқырамалар, су асты әлемін тамашалай аласыз.

Куба
Кубада наурыз – «құрғақ» ай. Варадеро, Кайо-Коко, Кайо-Санта-Мария сияқты танымал курорттарда ауа температурасы + 25... + 28°С жетеді, су + 25... + 27°С дейін жылынады. Наурыз айында солтүстік жағалауда жел соғуы мүмкін, бірақ бұл серфинг пен виндсерфингте өзін сынап көруге тамаша мүмкіндік.
Кубада жекеменшік жағажайлар жоқ дерлік. Сондықтан жергілікті және шетелдік демалушылар кез келген жерде еркін шомыла, тыныға алады.
Наурызда Кубада тек жағажайда ғана емес, сондай-ақ жергілікті көрікті орындарда демалуға болады. Ел астанасы Гаванаға міндетті түрде барыңыз. Бұл өте таңғажайып қала. Аралдың оңтүстік жағалауындағы Сьенфуэгос пен Тринидадқа барыңыз. Біріншісі қызықты, оны испандар емес, француздар XIX ғасырдың басында салған, ал екіншісі ең көне қоныстардың бірі.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: