Сурет: sun9-2.userapi.com
Ұшақтан түсіп, шабадандарыңызды күтіп тұрсыз. Ал сізге жүгіңізді зақымдап қайтарады. Дөңгелегі сынған, пластмасса жарылған, тұтқасы шығып кеткен немесе сыдырмасы бұзылған... Бұл жағдай көңіл-күйіңізді түсіреді, әрине. Бірақ қам жемеңіз.
Жүгіңізді тіркеуге өткізіп, жүктік бирка алғаннан кейін ол үшін барлық жауапкершілікті әуе компаниясы арқалайды. Сондықтан шабадан немесе басқа да заттарға (бала арбасы, музыкалық аспап, және т.б.) тасымалдау барысында зақым келсе, Монреаль конвенциясына (Халықаралық әуе көлігімен тасымалдаудың белгілі бір ережелерін біріздендіру туралы конвенция) сәйкес өтемақы талап ете аласыз. Тегін жөндеп беруін немесе жаңа шабаданға ауыстыруын сұрауға болады.
Лайфхак: жүгіңізді тапсырар алдында шабаданды видео немесе суретке түсіріп алыңыз. Сол кезде бұл жүгіңіздің өткізер алдында бүтіндігін дәлелдеуге көмектеседі.
Не істеу керек?
Уақыт оздырмай әуежайдағы Lost & Found (жоғалған және табылған заттар) үстелшесіндегі өкіліне немесе жүкті беру бөліміндегі қызметкерге жүгініңіз. Олар келтірілген зақымды анықтап, Мүліктің істен шығуы туралы есеп (Property Irregularity Report (PIR)) жасауға көмектеседі. Есепті жасау кезінде отығызу талонын, жүк биркасын көрсетуді сұрайды, сондықтан оларды сапардың соңына дейін тастамау керек. Есеп жасау барысында шабадан маркасын, қанша жыл қолданылғанын және шамамен бағасын сұрайды.
Бұл есеп шағымыңызды қарау кезінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан оны толтырар алдында жүк сөмкелеріңізді жақсылап тексеріп алыңыз. Дөңгелектерді, тұтқаларды, сыдырмаларды, сызаттар мен майысулардың пайда болуын мұқият қараңыз. Және барлық зақымдарды суретке түсіріңіз. Егер қандай да бір зақымды кеш байқасаңыз, оларды есепке қосу мүмкін болмайды.
Сондай ақ шабадан ішіндегі заттарыңызға назар аударыңыз. Тасымалдау барысында сынған не жоғалғандары болған жағдайда, олар үшін де өтемақы қарастырылған.
Кей әуе компаниялары мәселені тез арада шешіп берреді. Саяхатты жайлы жалғастыруыңыз үшін жаңа чемодан ұсынуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда шығынды тіркеп, есептің көшірмесін және PIR нөмірін береді, оны кейін есепке қоса беру қажет болады.
Ескерту: егер жүгіңізге зақым келгенін байқасаңыз, бірақ дәл қазір әуежайда есеп қағазын жасауға уақытыңыз болмаса немесе Lost & Found есептегіші жабық болса, кейінірек онлайн шағым жіберуге болады. Тек барлық келтірілген зақымдарды тап сол жерде сурет-видеоға түсіруді ұмытпаңыз. Багаж белгілері мен биркаларын жұлып алмаңыз. Бұл онлайн шағым бергенде зақымның осы сапар барысында болғанын дәлелдеуді жеңілдетеді.
Шағымды қалай беруге және не күтуге болады?
Әуежайда есепті толтырғаннан кейін, әдетте сізде шағым беру үшін 7 күн бар. Мұның бәрі әуекомпания ережелеріне байланысты. Сіз оларды оқып, онлайн шағым формасын әуккомпанияның веб-сайтында "Delayed, lost or damaged baggage"деп аталатын бөлімде таба аласыз.
Көптеген әуекомпаниялары жөндеу орталықтармен серіктестік жасайды. Жөндеу орталығы сіздің шабаданыңызды бағалап, оны жөндей алатынын тексереді. Егер қалпына келтіру мүмкін болса, шабаданды тегін жөндеп береді.
Бірақ сіз барған қалада әуе компаниясының серіктес жөндеу орталығы болмаса, кез-келген шеберханаға апаруды ұсынады. Сосын шабаданды қалпына келтіру қанша болғаны туралы чек жіберуді сұрайды. Осылайша кеткен шығыныңызды қайтарып береді.
Егер шеберхана «жөндеу мүмкін емес» немесе «қалпына келтіру шабаданнан да қымбатқа түседі» деген қорытынды берсе, онда сізге өтемақы ұсынылуы мүмкін. Егер сіз қымбат брендтік сөмкемен саяхаттасаңыз, онда сатып алған кездегі чекті сақтаған дұрыс. Чексіз әуе компаниясы стандартты өтемақы ұсынады (айталық, 26 000 теңге) немесе өзіндік құнын бағалайды.
Кейбір әуе компаниялары чемоданның құнын бағалағаннан кейін сізге ваучер мен онлайн-дүкенге сілтеме жібереді. Онда ұсынылған сомаға өзіңізге ұнаған шабаданды таңдай аласыз. Таңдаған соң оны сіз көрсеткен мекенжайға жеткізеді.
Зақым жайлы хабарламай, әуежайдан кетіп қалсаңыз...
Уайымдаудың қажеті жоқ, өйткені сіз әлі де келтірілген зақым туралы хабарлай аласыз. Қонақ үйге немесе үйге жеткенде әуе компаниясының веб-сайтынан ақпарат іздеңіз. Байланыс орталығына қоңырау шалыңыз немесе Қолдау қызметіне жазыңыз.
Кейбір әуекомпаниялардың ережелері қатаң. Егер сіз шабадан аймағында бірден PIR алмасаңыз, онда келтірілген зақымға өтемақы ала алмайсыз.
Ал кей әуе компаниялары, мысалы WizzAir, кеш болса да шабаданды алып келіп, зақым туралы хабарлауға болатынын мәлімдейді. Бірақ бұл шаруаны рейстен кейінгі 7 күн ішінде жасауыңыз керек.
Қандай зақымдар өтелмейді?
Шабаданның ұзақ уақыт қолданылуы, табиғи тозуы, сырмасының көп зат салудың салдарынан бұзылуы, қаптаманың іздері, т.с.с. Осы сынды жағдайларда әуе компаниясы шабаданның бүтіндігі үшін жауапкершілікті алмайды және ол үшін өтемақы төлемейді.
Сонымен қатар, шабадан ішіндегі құнды және сынатын заттар үшін жауап бермейді. Сондықтан ноутбук, камера мен зергерлік бұйымдар, тағы сол сияқты сынғыш және бағалы заттарды қолжүгі сөмкесіне салуға кеңес беріледі.
Дайындаған: Б. Ерман
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: