иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгінгі мақаламызда Шымкент қаласындағы ерекше саябақтар туралы жазамыз. Олар расымен де жұмыс пен тірліктен шаршаған жаныңызға демалыс сыйлайды.
1. Бәйдібек би этносаябағы
Саябақ Бәйдібек би ескерткішінің жанында, «Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан. Ағаштың 15-тен астам түрі отырғызылған саябақта шымкенттіктер мен қала қонақтары таза ауамен демала алады.
Сондай-ақ, парк аумағынан Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи, Отырар, Баба Түкті шашты Азиз, Кемеқалған, Арыстанбаб, Укаш Ата, Қарашаш ана сияқты тарихи маңызды ескерткіштер мен кесенелердің макеттерін көруге болады. Сонымен қатар, сары, қызғылт және көк түстерге боялатын ерекше субұрқақ бар. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналған этнопарк жанынан «Наурыз» алаңы, тарихи-өлкетану мұражайы, жасанды көл, «Жайлаукөл» саябағы және т.б. маңызды нысандар орын тепкен.
2. Шымкент мемлекеттік хайуанаттар бағы
«Шымкент мемлекеттік хайуанаттар бағы» 1980 жылы 29 сәуірде ашылған. Алғашқы жылдары коллекцияда 350 бас 75 хайуанат түрі болған.
Сонымен қатар, 2013 жылы қайта құру жұмысы бойынша «Африка» аумағы, әкімшілік ғимараты және «Тау» экспозициясы басталып, жоспарлы уақытында аяқталған. Бұдан бөлек, хайуанаттар бағының іші көгалданып, ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар мен орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында құрылған зообақта бүгінгі таңда 249 түрлі 2478 бас жан-жануар бар. Мұнда келушілердің саны жылына 500 мыңға жетеді.
Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Мұндағы жануарлардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.
Билет бағасы: 500 теңге. Ал, 6 жасқа дейінгі балалар хайуанаттар бағына тегін кіреді және 6-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер хайуанаттар бағына кіру үшін 250 теңге төлейді.
3. Орталық саябақ
Шымкенттегі «Орталық мәдениет және демалыс саябағының» іргетасы 1925 жылы қаланған. Содан бері ол шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналды. Мұнда демалушылар үшін таза көгал, гүлзарлар, жолдар, әткеншек, төбешік, лабиринт бар балалар алаңы, субұрқақ және орындықтар бар.
Сондай-ақ, саябақтың орталық кіреберісінің жанында шахмат клубы бар, ол жерден әр кеш сайын шахмат ойнайтын ардагерлерді кездестіруге болады.
4. Абай паркі
Бұл – Шымкент қаласы тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Саябақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған.Саябақтың аумағында бірнеше қоғамдық тамақтану орындары орналасқан және онда тып-тыныш аллеялармен серуендеп, демалуға болады.
Саябақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллея, үлкен даңқ мемориалы, субұрқақ, шағын сәулет нысандары бар.
5. Дендросаябақ
Шымкентте үлкен және әдемі дендропарк бар. Демалыс, таза ауамен тыныстау және керемет фотосессиялар жасау үшін таптырмайтын орын.
120,52 гектар аумаққа орналасқан саябақта әлемнің әртүрлі географиялық аймақтарының флорасын білдіретін шөпті өсімдіктердің, ағаш және бұта тұқымдылардың 600-ден астам түрі өседі.
Қазіргі уақытта саябақта велосипед және ат жолдары, субұрқақтар, «Махаббат патшалығы» сарқырамасы;жаңа қоныстарда елік, бұғы, павлин; көлде дөңмаңдай шабақтары, қаз, үйрек, аққулар бар.
6. Тәуелсіздік саябағы
Тәуелсіздік саябағы – бұл жергілікті тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті демалыс орны.
Тәуелсіздік саябағының салтанатты ашылуы 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Оның жалпы аумағы 82 мың шаршы метрді құрайды. Қалалық саябақтың орталық кіре берісі ерекше аркамен безендірілген.
Саябақтан күн сайын су ағысын заманауи және классикалық ұлттық музыканың сүйемелдеуімен орындайтын ерекше субұрқақты көруге болады. Ал, орталығында Қазақстан халқының «Бірлік» монументі орнатылған, ол ҚР-дағы 137 түрлі ұлттарды бейнелейтін 137 металл элементтерден құрылған. Сонымен қатар, ел өмірінің Тәуелсіздік кезеңіндегі жарқын оқиғалар бейнеленген гранит тақталарын, үлкен ту алаңын көруге болады.
7. «Кең баба» саябағы
XIX ғасырдың соңында құрылған саябақ қаланың орталығында орналасқан, жалпы ауданы 3,5 га құрайды.
Саябақта командалық ойындар үшін бірнеше алаңдар, теннис корты, балаларға арналған түрлі аттракциондар, аққулар мен үйректері бар су айдындары, субұрқақтарын, «Ақ-су» сарқырамасы, суретшілер галереясы және шеберлер мен қолөнершілер ауылы орналасқан.
Сонымен қатар, жеті ұлттық-мәдени орталықтың павильондары (қазақ-өзбек, славян, татар-башқұрт, еуропалық, корей-ұйғыр және қытай), Қазақстан миниатюрадағы макеті, волейбол және баскетбол алаңдары, шахмат клубы, шайхана, интернет-кафе және жасыл қалашық бар.
Дайындаған: Б.Ерман,
Тағы оқыңыз:
Турагенттік арқылы саяхаттағыңыз келсе мыналарды білуіңіз керек