Вьетнам жайлы турагенттер айтпайтын 8 шындық

0
49

Вьетнам – керемет әрі қызықты ел. Бірақ оған дұрыс дайындалып бару керек.


Вьетнам жайлы турагенттер айтпайтын 8 шындық

Сурет: dzen.ru

Сіз – Вьетнамдасыз. Айнала – ақ шаңқан құм, ар жағы тұп-тұрық көгілдір су. Жолақты қолшатырдың астында маужырап жатырсыз. Қолыңызда кокос, айнала тым-тырыс тыныштық пен жайлылық. Ал жағажайдан сәл алыстасаңыз,бірден түрлі-түсті колоритке еніп кетесіз: үшкір сабан қалпақ киген мейірімді жергілікті тұрғындар, срелері кәдесыйға толы дүкендер, жан-жақтан аңқыған дәмдеуіштер мен кофе иісі... Сізді Вьетнам жеріне жетелейтін турагенттер дәл осындай көріністерге уәде береді.

Иә, әрине, мұның бәрі Вьетнамда бар. Бірақ кейбір нюанстары мен жасырғаны да жоқ емес.


Үш жаңбыр маусымы

Турагенттер жиі айтады: «Вьетнамда жыл бойы жылы, кез келген уақытта баруға болады». Бұл рас. Бірақ толық емес.

Вьетнам мүлде әртүрлі маусымдылыққа ие үш климаттық аймаққа бөлінеді: оңтүстікте (Фукуок, Муйне) жаңбыр маусымы мамырдан қазанға дейін созылады, орталықта (Нячанг, Дананг) қазаннан қаңтарға дейін, солтүстікте қайтадан мамырдан қазанға дейін. Бір жерде жаңбыр жауып тұрса, басқа жерде ауа райы тамаша болуы мүмкін және керісінше.

Бір ғана мысал, қарашада Нячангқа тур сатып алу жаңбырлы маусымның дәл шарықтау шегіне түсу деген сөз. Мұнда қарашада жаңбыр жауады, теңіз толқиды, шомылу қауіпті болады. Мезгіл мен мекнді дұрыс таңдай алмаған туристер уақыттарын қонақүй мен сауда орталықтарында өткізуге мәжбүр болады.

Тағы бір нюанс, жаңбыр кезінде қалалардың көшелері тура өзенге айналады, өйткені жаңбыр суын ағызатын жүйе жақсы ойластырылмаған.


Лас жағажайлар

Жарнамалық суреттерде барлық Вьетнам жағажайлары бірдей көрінеді: көгілдір су, аппақ құм, пальмалар. Ал шын мәнінде көрініс әртүрлі.

Қалалық жағажайларда қоқыс көп. Дауылдан кейін жағалауға бұтақтар, пластик, түрлі қоқыс шығып қалады және олар бірнеше күн бойы жиналмай, сол жерде жатуы мүмкін. Шынын айту керек, вьетнамдықтардың өздері де тазалыққа аса мән бере бермейді.

Вьетнамда әдемі жағажайлар бар, бірақ олар көбінесе қонақүйдің жабық аумағында немесе Фукуок аралының алыс бөліктерінде орналасқан, оған жетудің өзі оңай емес. Қысқасы, мұнда сіз күткен нәрсе мен шындықтың арасы алшақ болатын жағдай көбірек.


Жолдағы бейберекет қозғалыс

Вьетнам – мотобайктар елі. Мұнда олардың саны миллиондап саналады және бәрі бір уақытта қозғалады.

Әрине, жол ережелері бар, бірақ шартты нәрсе ғана. Тіпті бағдаршамдағы қызыл шамды да солай деуге болады. Қарсы бағыт туралы да. Ал тротуарлар – көбіне жаяу жүргіншіге арналған жол емес, кептелісті айналып өтуге және көлік қоюға арналған қосымша жолақ екілді. Сонымен қатар тротуарда біреу ыдыс жуып отыруы, ұйықтап жатуы немесе тамақ дайындауы әбден мүмкін. Мұның бәрі ел астанасы –Ханойдың дәл орталығында да болады. Өйткені бұл жерде осының бәрі қалыпты жағдай саналып кеткендей.

Бірнеше күннен кейін мүның бәріне үйреніп қаласыз. Бастысы, көлікте болсаңыз да, жаяу болсаңыз да, жай, бірқалыпты жүріп, айналаға жіті қарау керек.


Тағам

Вьетнам асханасы – осы елге сапарлаудың жеке бір себебі. Фо бо, банх ми, жаңа піскен теңіз өнімдері, қою сүт қосылған кофе – бәрі шынымен дәмді. Десе де, мұнда да бір «бірақ» бар.

Туристердің асқазанының бұзылуының негізгі себептері – сусындар мен мұз құрамындағы су, жеткілікті өңделмеген теңіз өнімдері, ыстықта қалай дайындалғаны белгісіз көше тағамдары. Тағы бір маңыздысы, ақуызды шамадан тыс қолданудан сақ болу. Өйткені базарларда түрлі ұлулар, теңіз кірпілері және басқа да қызық көрінетін өнімдер сатылады.


Қарым-қатынас

Мұнда жағдай біркелкі емес. Нячангты халық арасында «Нячанджелес» деп атап кеткен: мәзірлер орыс тілінде, жазулар орысша, қызметкерлер орыс тілінде сөйлейді және экспаттардың тұтас қауымдастығы бар. Фукуок та туристерге бейімделген. Ол жерде түсіндіру қиын емес.

Бірақ туристік емес аймақтарға шықсаңыз, тек ым-ишара және онлайн аудармашының көмегімен ғана түсінуге болады. Вьетнам тілі — тоналды тіл, сондықтан бірнеше сөзді дұрыс айту да оңай емес.


Кездейсоқ миллионерлер

Бұл елдің минусы емес, жаңадан келгендер үшін бір сынақ сияқты. Вьетнам донгы – өте үлкен сандардан тұратын валюта. Жүз мың донг шамамен 1500-2000 теңгеге ғана тең. 10 000 және 100 000 донг купюралары ұқсас, шатастыру оңай. Айтпақшы, нарықтардағы кейбір қарапайым айлалар осыған негізделген: сатушылар туристің абдырап қалуына сеніп, дұрыс емес купюрамен қайтарым береді.


Шу

Көлік, құрылыс, көше кафелері мен шақырушылардың дыбысы таңертең ерте басталып, түнге дейін тоқтамайды. Көлік жүргізушілерге кез келген маневр алдында жарық шамымен белгі бергеннен көрі, сигналды бақырта басқан ыңғайлы сияқты. Оған көше караокелері, сатушылар меншақырушылар үнін қосыңыз. Мұның бәрі тәулік бойы тоқтамайды.

Сондықтан Вьетнамнан қонақүй брондау кезінде тыныш жерде орналасқанын іздеу – жеке бір міндет. Егер тыныштықта немесе терезені ашып, таза ауада тыныққыңыз келсе, алдын ала 200 метр радиуста не бар екенін зерттеген жөн.

Вьетнам – керемет әрі қызықты ел. Бірақ оған дұрыс дайындалып бару керек. Мұндағы бейберекет өмір – оның кемшілігі емес, жай ғана бір ерекшелігі.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

G7 елдері: әлемдік дамудың көшбасшылары

Іш қату мен іш өту саяхаттың шырқын бұзбау үшін не істеу керек?