2023 жылы Шымкент 100% ауыз сумен қамтылады

0
456

Жыл соңына дейін суды тасымалдап ішетін Солтүстік саяжай, Батыс, Жаңатұрлан, Асар-2, Ақтас тұрғын алабтары сапалы ауыз сумен қамтылады.


2023 жылы Шымкент 100% ауыз сумен қамтылады

Шымкент қаласы 2023 жылы 100% ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл міндеттемені жүзеге асыру мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов халықты ауыз сумен қамту мәселесін күн тәртібінен түсірмей, Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Биыл қалада 3 магистралды суаққы мен 11 ішкі орамдық жүйенің құрылысы жүргізілуде. Олар: Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымак-2, Батыс, Жаңаталап, Нұртас, Ақтас, Сауле, Құрсай 1-кезек, Құрсай 2-кезек. Осы жылдың тоғыз айдың қорытындысы бойынша 2 шағын ауданда (Тұран, Ынтымақ-2) құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін суды тасымалдап ішетін Солтүстік саяжай, Батыс, Жаңатұрлан, Асар-2, Ақтас тұрғын алабтары сапалы ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, ауыз су кестемен беріліп келген Жаңаталап, Сауле ( ДКЗ) ш/а, Нұртастың жаңақұрылыс аумағында құрылыс жұмысы аяқталады. Нәтижесінде 25,6 мың адам ауыз суға қол жеткізіп, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өседі.
Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкентте инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып келеді. Қазіргі қала аумағындағы 81 елді мекеннің 69-ы суды орталықтандырылған құбырдан ішеді. 5 елді мекенде су кестемен берілсе, 7 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішеді. 2022-23 жылдар аралығында тағы 3 магистраль мен 3 ірі елді мекенге су жүйелері жүргізіліп, қала тұрғындары толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып алдағы жылдары қала тұрғындары тіршілік нәрімен толық қамтылатын болады. Нәтижесінде, қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%-ға жетеді.