2025 жылы Шымкент донор қала деңгейіне жетеді

0
1 525

Шымкенттегі жер салығы 2020 жылдан бастап өсетін болды


2025 жылы Шымкент донор қала деңгейіне жетеді

ERNUR.KZ. Алдағы сегіз жылда Шымкент республикалық бюджеттің донор қаласы деңгейіне жетеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінде Түркістан және Шымкент қалалары республикалық бюджеттен субвенция алады. Мысалы, Астана мен Алматы қалалары донор болып отыр. Әрине, Шымкент донор қала деңгейінде емес. Алдағы уақытта Шымкенттің бюджеті өзін толықтай қамтамасыз ете алады. Біздің болжамымыз бойынша 8-15 жылда Шымкент қаласы дотациялық өңірден донор шаһар деңгейіне көшеді», - деді ол.

Руслан Дәленовтың сөзіне қарағанда, Шымкент 2025 жылдан бастап донор қала болуы мүмкін. Сонымен қатар, ол Шымкенттегі жер салығы 2020 жылдан бастап өсетінін атап өтті.

«Шымкент және Түркістан қалаларының мәртебесі өзгеріп жатыр. Осыған байланысты мүлік пен жер теліміне салық ставкалары өзгереді. Сонымен бірге біз халықтың табыс деңгейін, еңбекақысын, жергілікті бюджеттің қажеттілігін ескердік. Сондықтан ставкалар бірден көтерілмейді, яғни өтпелі кезең бар. Жаңа ставкалар 2020 жылдан күшіне енеді, ал 2018 және 2019 жылы оның мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады. Атап айтқанда, 2020 жылдан жаңа субвенция есептеу басталады, олар бізде үш жылға ескеріледі», - деді бірінші вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.