АЭС: ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ТАЛҚЫЛАУ ӨТКІЗДІ

0
398

Шымкент қаласындағы «Дарын» орталығының ұстаздарымен кездесу өткізді


АЭС: ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ТАЛҚЫЛАУ ӨТКІЗДІ

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері Шымкент қаласындағы «Дарын» орталығының ұстаздарымен кездесу өткізді. Бұл шараның мақсаты – АЭС салудың маңыздылығы мен қажеттілігі туралы ақпарат беру және 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақыру болды.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсауле Серіков, Кәсіподақ федерациясының Шымкент қаласы бойынша төрағасы БауыржанӘлтеев, сондай-ақ «Amanat», «Ауыл», «Қазақстан Халық», «Байтақ» партияларының өкілдері және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков жиын барысында АЭС туралы маңызды ақпараттармен бөлісіп, бұл жобаның уақытылы қолға алынып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы 10-15 жылда елімізде электр энергиясының тапшылығы туындау ықтималдығы жоғары. Бұған демографиялық өсім мен кәсіпкерлік нысандардың артуы әсер етуде. Бұл мәселелердің шешімін табу үшін АЭС салу қажеттілігі туындап отыр.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында АЭС салу мәселесін көтерді. Бұл – уақытылы қозғалған тақырып. Егер қазірден бастап әрекет етпесек, энергетика саласында күрделі проблемалар туындауы мүмкін», – деді Таңсауле Серіков.
Сондай-ақ, кездесу барысында Бауыржан Әлтеев АЭС салу жөнінде қоғамда түрлі пікірлер мен қауесеттердің таралып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай маңызды жобаларға қатысты кері пікірлердің болуы қалыпты жағдай, бірақ азаматтар сарапшы мамандардың пікіріне сенуі керек.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Азаматтар АЭС құрылысына қажетті кадрлар мен ресурстар мәселелеріне қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Штаб мүшелері бұл мәселелердің шешімі табылып жатқанын және арнайы сарапшылармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұл кездесудің басты мақсаты – халыққа АЭС салудың стратегиялық маңыздылығын түсіндіріп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдау көрсету.