Жобаның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сенімді нығайту, әкеге деген құрмет пен ізетті арттыру. Сонымен қатар, бұл бастама балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, өз сезімдері мен ойларын еркін әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік берді.
Шымкент қаласындағы Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған ерекше және тағылымды – «Әкеге хат» атты шығармашылық жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бұл бастама жасөспірімдердің бойында әкеге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін оятуға бағытталған маңызды әлеуметтік шара болды.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте шаһар әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
«Әкеге хат» жобасының басты мақсаты – қоғамдағы әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сенімді нығайту, әкеге деген құрмет пен ізетті арттыру. Қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың маңызын ескере отырып, бұл бастама балалардың ата-анаға деген жылы сезімдерін білдіруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, бұл шара оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосты, себебі олар өз сезімдері мен ойларын хат арқылы еркін әрі әсерлі, көркем тілмен жеткізуге үйренді.
Байқауға Абай ауданының 8–11 сынып оқушылары арасынан жалпы саны 108 жас қатысты. Олар өз әкелеріне арнап, жүрекжарды хаттарын ерекше шығармашылық тұрғыда ұсынды.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, қатысушылардың әрбір туындысы әкенің отбасындағы рөлін, оның еңбегі мен қамқорлығын бағалауға, балалардың ішкі алғыс пен ризашылық сезімін оятуға арналған. Хаттардың мазмұнында терең құрмет пен шексіз махаббат сезілді.
Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған қатысушыларға демеушілердің қолдауымен бағалы сыйлықтар табыс етілді:
- Бас жүлде: Ноутбук және қосымша 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық.
- І орын: Қазіргі заманға сай планшет.
- ІІ орын: Сапалы ұялы телефон.
- ІІІ орын: Телевизор.
Бұдан бөлек, байқауға белсенді қатысқан тағы 10 оқушыға арнайы ынталандыру сыйлықтары табысталды, бұл олардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырады.
Аталған шараға «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры белсенді қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы авторлық жобаның жалғасы ретінде «Анаға хат» нұсқасын бұдан да ауқымды форматта жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл жоба – ұлт болашағы саналатын жастардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіріп, ізгілік пен құрмет рухын қалыптастыруға бағытталған және қалалық биліктің әлеуметтік бастамаларының тиімділігін көрсететін тағылымды іс-шара болды.


