«Әкім сағаты»: Мұрат Әйтенов телекөрермендер сауалына жауап берді

0
535

Шаһар басшысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының да нақты көрсеткіштерін баяндады.


«Әкім сағаты»: Мұрат Әйтенов телекөрермендер сауалына жауап берді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ontustik» телеарнасының эфирінен берілетін «Әкім сағаты» телебағдарламасына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаһар басшысы қаланың биылғы жылдың тоғыз айында қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, көрермендер сұрақтарына жауап берді.

Қала басшысы берген ақпарға сәйкес, шаҺардың жалпы өңірлік өнім көлемі 1020,0 млрд. теңгеге жетіп, экономикалық өсім 105,2 пайызды құраған. Өнеркәсіп көлемі былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,5 пайызға артып, 555,8 млрд. теңгеге жеткен. Қала кәсіпорындары шығарған өнімдердің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрап, көлемі 484,0 млрд. теңге болған.
Қаладағы 4 өндірістік аймақта барлығы 118 жоба іске асып, 21 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 203 жұмыс орнымен 5 жоба биылғы жылы жүзеге асқан. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 5 жоба іске асып, 358 жұмыс орны ашылған.
Ауыл шаруашылығы саласында 34,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 101,6 пайыз өсім тіркелген. Егістік көлемі 29,3 мың гектар болып, 85,4 мың тонна өнім жиналған. Салада есепті мерзімде 15 инвестициялық жоба іске қосылған.
Инвестиция көлемі 260,7 млрд. теңгеге жеткен. Бес жыл ішінде 2,6 трлн. теңге болатын 282 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, биылғы жылы 152,6 млрд. теңге болатын 63 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 7 264,6 млн. теңге бағытталып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 есеге артқан. Жыл басынан бері 1591 жоба қаржыландырылған. «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шаралар жоспарына бөлінген қаражат 1,5 есе қсіп, 186,1 млн. теңге бөлінген, 21 жоба қаржыландырылған.
Шаһар басшысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының да нақты көрсеткіштерін баяндап, белгіленген межелердің орындалғанын атап өтті.
Тұрғын үй құрылысында 6716 пәтерлі 115 көпқабатты тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Оның ішінде 6 – арендалық, 33 – кредиттік үйлерден 2432 пәтер тапсырылады.
Биылғы жоспар бойынша ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға, кәріз жүйелерімен қамту – 54 пайызға, сапалы электрмен қамту – 97 пайызға, табиғи газбен қамту – 93 пайызға, әлеуметтік маңызы бар көшелерді жарықтандыру – 43,4 пайызға жететіні айтылды.
Жол құрылысы саласында 178 жоба қаржыландырылып, сапалы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл қорытындысымен 63,6 пайызға жетпек. Қоғамдық көлік саласында автобустардың жаңару көрсеткіші биыл 90 пайызға жетіп, 64 бағыт бойынша әлеуметтік мәні бар автобустар маршруттары ашылған.
Эфир барысында қала әкімі көрермендер тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Тұрғындар Т.Рысқұлов көшесінің көлік қозғалысына ашылатын мерзімін, электр қуатының сапасын арттыру, табиғи газ жүйелеріне қосылу, А-2 айналма жолының құрылысы, тағы басқа өзекті мәселелер бойынша сауал жолдап, нақты жауаптарын алды.