Шымкентте кампус құру жобасы заманауи оқу қалашығын, соның ішінде озық зертханалар, ғылыми орталықтар мен инновациялық инфрақұрылым салуды көздейді.
АҚШ-тың жетекші зерттеу университеттерінің бірі - University of Utah (U of U) 2025 жылдың 12-14 қыркүйегі аралығында Шымкентте өтетін Global Tech Wave Central Asia халықаралық технологиялық форумына өкілін жіберетінін растады.
Сапардың негізгі мақсаты Қазақстан үкіметімен және Шымкент қаласының әкімдігімен стратегиялық серіктестік және Орталық Азиядағы University of Utah алғашқы кампусын ашу туралы келіссөздер жүргізу болмақ. Америкалық делегацияның сапары Шымкенттің аймақтағы технологиялық және білім беру хабы ретінде рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. University of Utah басшылығы Орталық Азияның қарқынды дамып келе жатқан экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында инженерлік, компьютерлік ғылымдар, бизнес және денсаулық сақтау салаларында жоғары білікті мамандарды даярлайтын толыққанды филиал ашуға терең қызығушылық танытады.
Шымкентте кампус құру жобасы заманауи оқу қалашығын, соның ішінде озық зертханалар, ғылыми орталықтар мен инновациялық инфрақұрылым салуды көздейді. Филиалдың ашылуы қазақстандық жастарға әлемдік деңгейдегі америкалық білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті стартаптар экожүйесін дамытуға және аймаққа халықаралық инвестициялар тартуға серпін береді деп күтілуде. «Юта университеті Қазақстанмен, әсіресе Шымкент қаласымен ынтымақтастық перспективаларына үлкен қызығушылықпен қарайды. Бұл біздің еліміз үшін жіберіп алуға болмайтын үлкен мүмкіндік. University of Utah сияқты беделді оқу орны делегациясының біздің форумға келуі маңызды оқиға. Бұл Шымкент пен жалпы Орталық Азияның білім және технология саласындағы жаһандық көшбасшылар назарында екенін растайды», - деді жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Global Tech Wave Central Asia форумының жетекшісі Қымбат Нұртаева.
Ақпарат үшін айта кетсек, University of Utah туралы:
1850 жылы негізі қаланған University of Utah Юта штатының флагмандық жоғары оқу орны болып табылады және беделді Америкалық университеттер қауымдастығына (AAU) кіреді.