Табысталған сөмкелер толықтай оқу құралдарымен жабдықталған.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауға бағытталған қайырымдылық шаралары жалғасуда. Осы орайда қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабиев партияның дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп сөмкесін табыстады.
Игі іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова және партия мүшелері қатысты.
Партия өкілдерінің айтуынша, биылғы оқу жылы алдында қала бойынша 850-ге жуық оқушыға осындай көмек көрсетілген. «Мұндағы басты мақсат – балаларға жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауға мүмкіндік жасау, олардың білімге деген ынтасын арттыру. Әлеуметтік қолдау шарасы тек материалдық көмекпен шектелмей, балалардың бойында сенім мен қуаныш сыйлауға бағытталған», – деді Ербол Байқонысов өз сөзінде.
Аталған шараның бастамашысы болған депутат Нұрсұлтан Балабиев бұған дейін азаматтарды жеке қабылдау өткізіп, онда бірқатар ата-аналар балаларына оқу құралдарын алу мәселесін көтерген болатын. Сол өтініштер ескеріліп, депутат өз қаражаты есебінен қажетті құрал-жабдықтарды алып, балаларға табыстады. «Барша оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Сабақта озат болып, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтасын. Біз ұсынған бұл сыйлықтар балалардың ынтасын арттырып, табысқа жетуіне септігін тигізсін деген тілегім бар», – деді Нұрсұлтан Балабиев.
Айта кетейік, табысталған мектеп сөмкелері толықтай оқу құралдарымен жабдықталған. Олардың ішінде дәптер, қалам, сызғыш, бояу және басқа да қажетті кеңсе тауарлары бар. Бұл балалардың жаңа оқу жылын еш уайымсыз, толық дайындықпен бастауына мүмкіндік бермек.
«AMANAT» партиясы аталған акцияны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Әсіресе тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға арналған көмек қоғамда үлкен қолдауға ие. Мұндай шаралар әлеуметтік әділеттілікті нығайтып қана қоймай, балаларға қамқорлық көрсетудің, олардың болашағына инвестиция салудың жарқын үлгісіне айналып отыр.