​АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: Шымкенттің өзекті мәселелері қаралды

0
111

Қала күніне орай 17 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған.


​АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: Шымкенттің өзекті мәселелері қаралды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда Қала күніне дайындық, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ, қалалық инфрақұрылым нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындаудың аралық қорытындылары қаралды.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, Қала күніне орай 17 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Мерекелік бағдарламалар 17-20 маусым аралығында қаланың түрлі алаңдарында, соның ішінде Арбатта, Қазақстан-Түркия достығы саябағында, Металлургтер және Шымсити саябағында өтеді. Сонымен қатар, этноауылда ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталған Этнофест фестивалі ұйымдастырылады.
Негізгі іс-шаралар 19 маусым күні Астана алаңында өтеді. Мұнда отандық және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Ал 20 маусымда Түркістан сарайында еліміздің өңірлерінен келген 12 ақынның қатысуымен республикалық айтыс өтеді. Сол күні кешке Астана алаңында қорытынды гала-концерт ұйымдастырылады.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Тілеуберді Мәдиев қалада аудан әкімдіктерімен және өзге де қызметтермен бірлесіп өрттің алдын алу бойынша кешенді алдын алу жұмысы жалғасып жатқанын баяндады.
Аталған шаралар аясында 250 мыңнан астам тұрғын қамтылып, мамандар 96 мыңнан астам үйді аралады, түсіндіру жұмысын жүргізді. Мектептерде профилактикалық сабақтар, кәсіпкерлермен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемді ақпараттық жұмыс атқарылды.
Нәтижесінде өрт саны – 27 пайызға, ал материалдық шығын көлемі 28 пайызға азайғаны атап өтілді.
Бөлісу