Екі құқық бұзушы да төтенше жағдай режимі кезеңінде енгізілген шектеулерге қарамастан үйлеріне 3 адамнан артық адамды жинап дастархан жайған.
Шымкентте өз үйлерінде ауызашар берген екі азамат қамауға алынды деп хабарлайды Ernur.kz тілшісі.
Екі құқық бұзушы да төтенше жағдай режимі кезеңінде енгізілген шектеулерге қарамастан үйлеріне 3 адамнан артық адамды жинап дастархан жайған. Төтенше жағдай режимін бұзған Г. мен А.-ға қатысты әкімшілік іс сотта қаралды.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында өткен сот процесі «Skype» мобильді байланыс жүйесін қолдану арқылы жүргізілді. Сот қаулысымен құқық бұзушы Г. мен А. 3 күнге қамауға алынатын болды.
"Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2 сәуір 2020 жылғы №9 қаулысына сәйкес төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде, Шымкент қаласының аумағында жанұялық (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, т.б) 3 адамнан артық жиындарға тыйым салынсын делінген. Жоғарыда аталғандардың негізінде, сот қаулыларымен Г. және А. тұлғалар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476-бабы 6-тармағымен көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға осы баппен 3 (үш) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы әкімшілік жаза тағайындалды,"- деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, сот қаулылары заңды күшіне енбеген.