«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – БАҚЫТТЫ ЕЛ»: Шымкентте республикалық акция басталды

0
91

Іс-шара барысында қаланың түрлі аудандарында мамандар халықпен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе соның алдын алғысы келетін азаматтарға құқықтық және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуде.


«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – БАҚЫТТЫ ЕЛ»: Шымкентте республикалық акция басталды

27 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында Шымкент қаласы аумағында «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты республикалық акция өтеді.

Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – бүгінгі таңда еліміздегі аса маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекет басшысы айрықша назар аударып отыр. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі де өз құзыреті аясында бұл тақырыпты қатаң бақылауда ұстап, нақты іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Себебі әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі – қоғам тұрақтылығының, мемлекеттің дамуындағы сенімділіктің және отбасының беріктігінің негізгі кепілі екені белгілі.

Әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ проблемасы саналады. Сондықтан мемлекет деңгейінде атқарылып жатқан шаралар отбасылық институттың рөлін нығайтуға, отбасы ішіндегі қарым-қатынасты жақсартуға және ең бастысы – зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Осы жұмыстардың түпкі нәтижесі ретінде елімізде әйелдер мен балалардың құқығы қорғалып, олардың қоғамдағы орны мен мәртебесі нығая түседі.

Осыған байланысты биылғы жылдың 27 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында Шымкент қаласы аумағында «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты республикалық акция ұйымдастырылып отыр. Бұл акцияның мақсаты – тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, әр отбасының берекесін арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нақты іс-шараларды іске асыру.

Іс-шара барысында қаланың түрлі аудандарында мамандар халықпен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе соның алдын алғысы келетін азаматтарға құқықтық және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуде. Кәсіби заңгерлер тұрғындарға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес олардың құқықтарын түсіндірсе, психологтар отбасындағы қиындықтарды еңсерудің жолдары туралы кеңес береді. Мұндай шаралар әсіресе тұрмыстық жанжалдарды болдырмауға, әйелдер мен балалардың өз құқықтарын жақсырақ білуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар акция аясында мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен құқықтық механизмдер туралы да жан-жақты ақпарат ұсынылады. Азаматтарға әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері, әлеуметтік көмек көрсету жолдары, арнайы орталықтарға жүгіну тәртібі түсіндіріледі. Бұл өз кезегінде әрбір отбасына қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы қоғам назарын ең өзекті мәселелердің біріне аударып қана қоймай, сонымен қатар әйелдердің құқығын қорғауда мемлекеттік органдар, құқық қорғау саласы және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыруға жол ашуда. Қоғамдағы тұрақтылық пен отбасы берекесі – мемлекет дамуының басты тірегі. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы жыл өткен сайын артып келеді.


Бөлісу