Акцияға елуге жуық жас суретші мен еріктілер қатысып, аумақты тазалау жұмыстарын жүргізумен қатар, балабақша қоршауларын мазмұнды көркем суреттермен безендірді.
ERNUR.KZ. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласының Тұран ауданында орналасқан «Балбұлақ» балабақшасы аумағында тазалық және көркейту жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара «Таза Қазақстан» және «Есірткісіз болашақ» акциялары аясында өтті.
Акцияға елуге жуық жас суретші мен еріктілер қатысып, аумақты тазалау жұмыстарын жүргізумен қатар, балабақша қоршауларын мазмұнды көркем суреттермен безендірді. Сонымен бірге, көше бойындағы ретсіз жазулар мен заңсыз жарнамалар жойылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті жақсартылды.
Іс-шара Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы мен қалалық балалар көркем сурет мектебінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Қатысушылар қабырғаларға табиғат көріністерін, жануарлар бейнесін және түрлі этнос өкілдерінің ұлттық нақыштағы бейнелерін салу арқылы бірлік пен достық идеясын дәріптеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық орындарды абаттандыру, тазалық мәдениетін қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттырып, туған қалаға деген жауапкершілікті күшейту көзделген.
Айта кету керек, мұндай мазмұнды шаралар Шымкент қаласында жүйелі түрде өткізіліп, қаланың тазалығы мен көркіне оң ықпал етуде.


