Қырғызстан басшысының айтуынша, теріс ниетті кейбір саясаткерлер дауыс беру процесін бұзу үшін елдің оңтүстік аймақтарындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатыр.
Фото: Kaбар
ERNUR.KZ. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің оңтүстігінде ұлтаралық арандатушылық жасауға дайындық әрекеттері болғаны туралы ескертіп, халыққа ресми үндеу жариялады, деп жазады inform.kz.
Қырғызстан басшысының айтуынша, теріс ниетті кейбір саясаткерлер дауыс беру процесін бұзу үшін елдің оңтүстік аймақтарындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатыр. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысына наразылық тудыру әрекеттері сәтсіз аяқталғаннан кейін бұл күштер қауесеттерді қырғыздар мен өзбектер арасында этникалық жеккөрушілікті қоздыру үшін пайдалануы мүмкін.
Жапаров қырғызстандықтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және қақтығысқа тартылмауға шақырды. Ол аға буын өкілдерін 1990 және 2010 жылдардағы қайғылы оқиғаларды бастан кешірмеген жастарға ұлтаралық қақтығыстардың ауыр салдарын түсіндіруге шақырды.
Қырғызстан президенті мемлекеттің тәртіпсіздіктерді тез арада басуға жеткілікті күштері мен техникалық мүмкіндіктері бар екенін атап өтті, ел бойынша ондаған мың бейнекамера жұмыс істеп тұрғанын, ұйымдастырушылар сөзсіз жазаланатыны туралы ескертті.
Садыр Жапаров азаматтардан кез келген дезинформация немесе арандатушылық мәлімдемелер туралы мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті бөлімшелеріне, Ішкі істер министрлігіне және жергілікті билік органдарына дереу хабарлауды сұрады.
— Қырғызстанға және оның барлық халқына тек бейбітшілік пен тұрақтылық қажет! Халық 30 жыл бойы хаостан қалай құтыла алмай, ақырында батпаққа батқанымызды әлі ұмытқан жоқ. Енді ғана одан шығып, сенімді түрде алға жылжи бастадық. Кедергілер жасамаңыздар! — делінген үндеуде.


