Биыл Шымкент «SCAT» әуекомпаниясының құрылғанына 25 жыл

0
628

Салатанатты шара барысында осындай кадрлар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді.


Биыл Шымкент «SCAT» әуекомпаниясының құрылғанына 25 жыл

Биыл Шымкент «SCAT» әуекомпаниясының құрылғанына 25 жыл. Осыған орай “Түркістан” сарайында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым, қоғам белсенділері, БАҚ, әуекомпания ардагерлері мен жастар қатысты.

Мерекелік шараны ашқан шаһар басшысы осы салада аянбай тер төгіп жүрген, мамандығына адал азаматтарды айтулы датамен құттықтап, "SCAT" әуекомпания басшысын алғыс хатпен марапаттады.
"SCAT" әуекомпаниясы еліміздің әуе кеңістігінде 25 жылдан бері қызмет етіп келеді. 1997 жылы Шымкент қаласында ұшқыштар мен авиатехниктерден құралған 17 кәсіби маман бас қосып, аталған ұжымның қайта қалыптасуына бар күшін жұмсады. Олардың ұшуға деген құштарлығы, туған елінде көлік инфрақұрылымын нығайту мақсаты мен табысқа деген сенімі "SCAT" әуекомпаниясының құрылуына себеп болды. Сөйтіп бір жылдан соң 1998 жылы Ан-24 меншікті ұшағымен Алматы-Қызылорда-Алматы бағыты бойынша ең бірінші рейс ашылды.
“Компания ұжымы бұрынғы жойылып кеткен бағыттарды қайтадан жаңартып, жолаушылар алдындағы міндетін орындады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан және агломерациясы ауқымды Шымкентіміздің экономикалық дамуында өте маңызды логистикалық хабтың қалыптасуына зор үлес қосып келеді. "SCAT" компаниясы қаламыздың сауда транзиттік әлеуетін күшейтіп, экономикалық дамудың локомотивіне айналу жолында оң септігін тигізуде. Әуекеме басшылығы Шымкент қаласы әкімдігімен меморандум негізінде 2018 жылдан бері жаңа терминал құрылысын салуда. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын. Терминал құрылысы толық біткенде қаламыз бұрынғысынан да шырайлана түсері сөзсіз”, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
"SCAT"-тың ширек ғасырда жеткен жетістерін тілге тиек еткен шаһар басшысы жолаушылардың ұшу қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін қызмет етіп келе жатқан компания ұжымына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Айтып өтейік, "SCAT" әуекемелер паркі өз меншігіне тиесілі батыста шығарылған ұшақтардан құралған 80-нен астам ішкі және халықаралық әуе бағыттарын пайдаланып отыр. 2000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Жыл сайын онға жуық жаңа бағыттар ашылып, жолаушылар саны 40%-ға артуда.
Ал “Авиациялық оқу орталығы” (АОО) – Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік емес оқу орталығы болып табылады. Орталықта авиация саласында мамандарды даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Жоғары білікті, шығармашыл және ынталы оқытушылардан тұратын ұжым қызмет етеді.
Салатанатты шара барысында осындай кадрлар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Соңы концерттік бағдарламаға ұласты.