ERNUR.KZ. Шымкент қаласында ағымдағы жылы 1 млн дана біржылдық гүл егу жоспарланып отыр.
Бүгінде қаланың орталық көшелері, айналма жол, жол бұрылыстары және вазондарда гүл отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан «Хан қорғанына» 45 мың дана сальвия және антирринум біржылдық гүлі егіледі. Гүлдер композициясы казақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкеріледі.
Ал, Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолға петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың біржылдық гүл отырғызылады. Қаланың көрнекті орындарының бірі - Кабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақ шафран, сальвия және целозия секілді біржылдық гүлдермен толығып жатыр.
Гүлдер арнайы ұңғыма арқылы суарылады. Бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмысына мердігер мекемелердің арнайы агроном мамандары мен техникалары жұмылдырылған.