Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасы сәтті аяқталды.
Шымкент қалалық №1 ауруханасында екі науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Дәрігерлер қос ананың бүйрегін науқас балаларына хирургиялық жолмен салып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бейбіт Сидазимов бұған дейін төсекке таңылып, гемодиализ аппаратын қолданып 2 жылдан бері есепте тұрған. Бүйрегінде ақауы бар 33 жастағы азаматқа туған анасы донор болды. Дәрігерлер 1965 жылғы азаматшаның бір бүйрегін хирургиялық жолмен алып, туған ұлына сәтті қонданды.
Ұзақ жылдардан бері аурудың азабын тартқан Түймебай Асылбекке анасы Бижанова Аққыз бір бүйрегін берді. Туыстық транспланталогияны дәрігерлер 10 қыркүйек күні жасаған. Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасы сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациялық қызмет қарқынды дамып келеді. Мұнда 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясы жасалды.
Аурухана материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Мұнда ағзадағы органдарды ауыстыру жағынан тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Ауруханадағы гемадиализ орталығында бүйрек алмастыру отасын қажет ететін 400-ге жуық науқас есепте тұр. Донор табылған жағдайда білікті мамандар науқастарға трансплантация жасауға дайын.