"Бұл кезде коронавирус жұқпай ма?!" - Шымкенттіктер қалада түсініксіз жағдайлар болып жатқанын айтты

0
2 916

Спорт сүйер қауым ара қашықтықты қатаң сақтауға болатын спорттық алаңдар мен фитнес орталықтардың ашылуына не кедергі екенін түсінбей отыр.


Карантин кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қала аумағындағы барлық қоғамдық орындар, әсіресе адам көп шоғырланатын орталықтар өз жұмысын тоқтатқан болатын. Дегенмен, Шымкент қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен мамыр айының 12-нен бастап, бірқатар сауда орындары өз жұмысын жалғастырып, қоғамдық көліктер де қызметіне кіріскен болатын.

Тіпті, саябақтарда белгілі бір уақыт аралығында демалуға рұқсат берілді. Алайда, медициналық масканы шешпеу, шоғырланбау және барлық сақтық шараларын сақтау да талап етілген еді.

Халық үшін ең қажетті де маңызды орын - базарлардың да белгілі уақыт бойынша жұмыс істеуіне рұқсат етіліп, біраздан бері тыныштық орнаған сауда қатарлары жанданды. Саудагерлер тауарларын шығарып, көпшілік қажеттіліктерін сатып алып, бұрынғыдай болмаса да, тәп-тәуір сауда да жүріп жатыр. Дегенмен, қаланың бас санитар дәрігерінің Қаулысына орай мұнда да сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс болатын.

Осынау орындар жұмыс істеуді бастай салысымен халықтың вирус жұқтыру қаупінен аса қаймыға қоймағандығы байқалмай қалған жоқ. Әлеуметтік желіде көпшілік орныдарда адам шоғырлануы мен қаупсіздікті сақтамай емін-еркін жүргендер туралы біршама жазылды да. Осыған орай біраз ретке келгендері де бар.

Соңғы уақытта Шымкент қаласында коронавирус жұқтырғандар саны артқандықтан шаһарда карантин режимі 8 маусымға дейін тағы да ұзартылды. Осыған байланысты арнайы Қаулы қабылданды да.

ERNUR.KZ тілшісі ұзартылған карантин кезінде рұқсат етілген көпшілік жиі баратын және әлі де жабық тұрған орындармен танысып қайтқан болатын.


Базарлар қауіпсіз бе?

Тарихи сауда орны аналатын қаладағы "Қырғы Базар" қақпасының алдында күзетші барлық адамдарға медициналық маскамен жүруді ескертіп, бетпердесі жоқ адамдарды кіргізбей жатты.

Алайда, бұл маска дегенге бола мәселе туындап жатқан жоқ. Өйткені, қақпа алдында бетперде сатып, саудамен айналысып тұған бір емес бірнеше сатушыны кезіктіресіз. Олардың арасынан кәмелетке толмаған жасөспірім бала да бар. Маскасы жоқтар солардың саудасын жүргізіп кетіп жатыр.


Таңнан кешке дейін бір орында отырып, күннің ыстығында сауда-саттықпен айналысып жатқан саудагерлерге, әрине, оңай емес. Олардың көпшілігінің медициналық бетпердесі иегінде ғана тұр. Ал қолма-қол ақша айналымы жүріп тұрғаны да белгілі.

Алайда, базар ішінде адамдардың санитарлық талаптарды орындалып жатқанын қадағалап жүрген бір де бір қызметкер кезікпеді.


Спортқа неге тыйым салынып отыр?

Базарларға рұқсат берілгенде салауатты өмір салтын сақтап, ағзаны шынықтыратын фитнес және спорттық орталықтардың жұмыс істеуіне неге тыйым салынып отырғанын түсінбеуде спортсүйер қауым.

Редакциямызға шағымданған оқырманның (аты-жөнін атамауды сұрады) айтуынша, адамдардың вирус жұқтыру қаупі күшті базар мен сауда нүктелерімен салыстырғанда фитнес және спорт алаңдарында сантиарлық талаптардың сақталуы анағұрлым жоғары. Сонымен қатар, вирусқа қарсы тұру үшін спорттық жаттығулардың, арнайы алаңдарда шынығудың маңызы жоғары екендігін де айтады ол.

Әлбетте, бұл оқырманның айтары көңілге де қонымды.

Карантин кезінде жұмысы тоқтаған қаладағы "Street Workout XIII LEGION" фитнес орталығының басшысы, спорт ұйымдарының да жұмысын жалғастыруына рұқсат берсе дұрыс болар еді деп пікір білдірді.

Аталмыш спорт ұйымы 2015 жылдан бері жұмыс жасауда. Айына 400-ге дейін адамдар қабылдайды. Карантинге дейін Шымкенттегі 10 000 адам дәл осы фитнес орталықта спортпен шұғылданып жүрген. Дегенмен, карантин кезінде instagram арқылы тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарымен тегін жаттығулар да өткізген.

Тимур Шайдуллиннің айтуынша, бүгіннен бастап аптасына 3 рет саябақтарда тегін жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ арнайы Қаулы шығарып, талап қойып отырған қала билігіне айтар назы да жоқ емес. Ол қоғамдық көліктерде адамдардың топталуына "рұқсат бар", бірақ ара қашықтықты қатаң сақтауға болатын спорттың алаңдар мен фитнес орталықтардың ашылуына не кедергі екенін түсінбей отыр.

"Иә, карантин кезінде табысымыздан айырылып, айлықсыз қалдық. Негізі күнделікті жүретін автобустарда адам лық толы. Қала ішінде көп жерлерде санитарлық тазалықты дұрыс сақтап жүрген жоқ. Ал денсаулық кепілі болатын орталықтар мен алаңдарға неге рұқсат берілмейді? Фитнеске рұқсат берсе болады деп ойлаймын", - деп пікір білдірді Тимур Шайдуллин.


Саябақтардың тәртібі де көңілден шықпайды

Спорттық алаңдар ғана емес, қаладағы саябақтардың жұмыс істеу тәртібі де көңілде кейбір түсініксіз сұрақтардың туындауына себеп болып отыр.

Қала тұрғыны, зейнеткер М.Р.-дің айтуынша, Шымшаһардың жасыл бұрышы - дендросаябақта серуендеуге рұқсат берілген уақыты таңғы сағат 10-00 мен кешкі 18-00 аралығында ғана. Бұрындары мұнда таңғы сағат 5-00-ден бастап салауатты өмір салтын ұстанғандар жиі келетін. Тіпті, қаланың әкім-қараларына дейін таңертең осы жерден кездестіруге болатын еді дейді ол. Жұмыс уақытына дейін дене шынықтыратын жастар да, салқын уақытта серуендейтін зейнеткерлер де осынан табылатын.

"Ал қазір уақытын 10.00-нан кешкі 18.00-ге дейін деп белгілеп қойған. Сонда бұл коронавирус осы уақыт аралығында адамдарға жұқпайды да, басқа уақытта жұғып кете ме? Түсінбейміз осыны! Содан соң қазір Шымкентте күн ысыды, 40 градусқа дейін жетіп жатыр. Ал мына уақытта денсаулығын шынықтырғысы келетін зейнеткерлер қалай жүреді оның ішінде? Осы уақытты белгілеген, таңғы-кешкі уақытқа тыйым салғандар қалай ойлап, қалай шешім шығарды екен?", - деп ашына жеткізді ойын зейнеткер.


Расында, базар мен саябақ, спорт алаңшаларының жұмысы бір-бірімен салыстыруға келмейді. Қайсысында қауіп көп, ал қайсысында сақтық шараларын қатаң сақтауға болатыны айдан анық. Ал мұндай талапты тағайындағандар қала тұрғындарына түсіндіріп берер деп сенеміз.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап артуда.

Бүгінге дейін вирус жұқтырудың 713 дерегі тіркелген. Оның 228-і індеттен айықса, өкінішке орай, 6 науқас көз жұмды.