Аталған кездесудің басты мақсаты – мектептердегі жоғары сынып оқушыларын дұрыс мамандық таңдау бойынша ақпараттандыру.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Дұрыс мамандық таңдау – кемелдi болашақ кепілі» тақырыбы аясында Әл-Фараби академиялық мектебінің оқушыларымен кездесу өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған кездесудің басты мақсаты – мектептердегі жоғары сынып оқушыларын дұрыс мамандық таңдау бойынша ақпараттандыру және сол бойынша бағыт-бағдар көрсету.
Кездесуге Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дефектолог-логопед маманы Мәлік Жанерке Ерланқызы мен Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Тулебаев Ермахан Рсалиұлы қатысты. Олар бірінші кезекте жастарға сұраныстағы басым мамандық түрлерін атап, өз мамандықтары жөнінде де сөз қозғады.
- Мен бала кезімнен өрт сөндіруші болуды арман еттім. Сол бала арманымнан адаспай, мектепті аяқтағасын өрт сөндіру мамандығына оқуға түстім. Бүгінде өз саламда күн-түн аянбай қызмет етудемін. Бұл мамандықты таңдағаныма мүлде өкінген емеспін. Дұрыс мамандық таңдау – өмірде маңызды рөл атқарады, - деді өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Ермахан Рсалиұлы.
Кездесу соңында оқушылар қонақтармен сұрақ-жауап алмасып, естелікке суретке түсті.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен медиация тақырыбы бойынша жастар арасында түсіндірме жұмыстары басталды. Ең алдымен медиация қызметін дәріптеу және психологиялық қолдау бағытында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастары арасында тренинг ұйымдастырылды.Түсіндірме жұмыстарына «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ақшегірова Лаура Мұратқызы және «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директор орынбасары Абдукаримова Салтанат Егізбекқызы қатысып, жастарға «Медиация» ұғымы мен қызметін кеңінен дәріптеді.