Елдігімізді, ел бірлігімізді мақтан тұтып, мадақтайтын елеулі де, ерекше мереке бар. 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнін еліміз айрықша атап өтіп келеді. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, кірпішін нықтап, шекарасын шегелеп, кемел келешегі мен болашағына бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің ел алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Халық үшін атқарған қызметті, келешек ұрпақ үшін төккен терді әрине қалың бұқара құптайды да, бағалайды да.
Еңсе тіктеу үшін бағыт бағдар берер кемеңгер басшы керек. Елбасының «Мәңгілік ел» деп атауында да үлкен мән бар. Елбасы өзінің әрбір Жолдауы мен терең мағыналы мақалаларында қазыналы терең тарихты саралап, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіретін күннің де алыс қалмағанын айтып келеді. Береке бірлігі жарасқан, ұлты мен ұлысы ұйысқан, құт дарыған мекен расында мәңгілік атауына лайықты. Әрі әділ бағаланған.
Ұлттық экономика қарыштап дамып келеді. Бақ пен байлық тұнған ен даланың рухты ұрпағы болашаққа аршынды қадаммен адымдап барады. Өріс пен өрлеу де, өркендеу мен даму да ұлттың ұлы мұраты болып тұр. Елбасының алға қойған мақсаты да – осы. Кемеңгер басшы мен бірлікшіл, бекемшіл халқы тұрғанда алынбайтын асу, бел мен белес жоқ.Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты Ұлы Отанымыздың тәуелсіз туын шыңға шарықтатты. Еліміздегі сан саланыдамыту, байтақ даламыздың абыройын асқақтату бірлесу жолында әлемдік бастамалар идеясы туындады. Бүгінде соның жемісін де, жеңісін де көріп отырмыз.
Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында ҚазақстанОрталық Азия елдерінің ғана емес, ТМД-да алдыңғы лектен орын алды. Елбасының жүргізген әлеуметтік-экономикалық көреген саясаты нақты мақсаттарды айқындап берді. Елбасының ел дамуының даңғыл жолын бағамдайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмағы ауыр, мақсаты да айқын құнды құжатта қол жеткізген табыстар сараланып, келешек еншісіндегі іргелі істер межеленді. Қазіргі таңда көреген бағдарламаның берері мол екеніне көз жетті, көңіл сенді. Тәуелсіздік таңы атқалы бері ел үшін аянбай еселі еңбек еткен Елбасы елдің ертеңін де бағамдап қойған. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан берері мол бағдарламалар.
Елбасы қасиетті Отанымызды өркендету жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Темірқазық адал жолдан адастырған жоқ. Ертеңі жарқын елімізді шолпан жұлдыздай жарқырап алға бағыт көрсетіп тұр. Бүгінде Еліміз Еуразия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, экономикасы дамыған, болашағы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Ендеше, мереке құтты болсын, еліміздің бейбіт болашағы баянды болсын.
Т.Смайлова
Шымкент қалалық сотының судьясы