ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР – ЕРЕКШЕ ЖЕҢІС ИЕЛЕРІ

0
157

Астана қаласында өткен «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты инклюзивті республикалық спорт фестивалінде бочча ойынынан І орын иеленген шымкенттік балаларға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.


 ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР – ЕРЕКШЕ ЖЕҢІС ИЕЛЕРІ

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы Астанада өткен республикалық инклюзивті спорт фестивалінде жоғары жетістіктерге жеткен ерекше қажеттіліктері бар жас спортшыларды марапаттау рәсімін өткізді. Бұл іс-шара партияның ерекше балалардың әлеуетін дамытуға және оларды қоғам өміріне толыққанды тартуға бағытталған «Тең мүмкіндік» қағидатын дәріптеудегі берік ұстанымын көрсетті.

Салтанатты жиынға партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева қатысты.

Марапаттауға себеп болған жетістік – елордада ұйымдастырылған «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты инклюзивті республикалық спорт фестивалінде шымкенттік балалардың бочча ойынынан І орынды иеленуі болды. Жеңімпаз балаларға арнайы алғыс хаттар мен құнды сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.

Жиынның басында сөз алған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев жас спортшыларды айтулы жеңістерімен құттықтап, олардың табандылығы мен рухының мықтылығын ерекше атап өтті:

«Бұл жеңіс – сіздердің еңбектеріңіздің, ерік-жігерлеріңіздің және ата-аналарыңыздың шексіз қолдауының жарқын жемісі. Біздің партия тарапынан біз әрқашан ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін дамытуға, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдауды жалғастырамыз», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Іс-шара барысында жеңімпаздардың ата-аналары да сөз сөйлеп, партияға деген үлкен алғыстарын білдірді.

«Біздің балалардың республикалық деңгейде жарысқа қатысуына мүмкіндік беріп, осылай қолдау көрсеткені үшін “AMANAT” партиясына зор алғыс айтамыз. Мұндай шаралар балалардың өз-өзіне сенімін арттырып қана қоймай, олардың өмірге деген құлшынысын оятады. Бұл тек спорт емес, бұл олардың әлеуметтік өмірі», – деп өз ризашылығын жеткізді ата-аналардың бірі.

Айта кетейік, шымкенттік жеңімпаз балалар бұған дейін аймақтық іріктеу кезеңінде үздік нәтижеге қол жеткізіп, осы жеңістерінің арқасында елордада өткен республикалық жарысқа лайықты жолдама алған болатын.

Фестивальдің басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін арттыру және «Тең мүмкіндік» қағидатын кеңінен дәріптеу болып табылады. «AMANAT» партиясының бұл қолдауы инклюзивті қоғам құруға қосқан маңызды үлес.

Бөлісу