Ерлан Айтаханов: "Халыққа бос уәде бермей, түсіндіру қажет"

0
1 398

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжілісінде Саяси кеңеске БАҚ өкілдерін қосу ұсынылды.


Ерлан Айтаханов:

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы негізінде және сол мәжілісте қаралған тапсырмаларды іске асыру мақсатында қалалық партия филиалының мәжілісі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, қала басшысы, қалалық мәслихат хатшысы, қалалық және аудандық филиал Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысқан мәжілістің алғашқы сөзі Ерлан Айтахановқа беріліп, қала әкімі партия жұмысын жаңғырту және партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы баяндады.

«Елбасы Н.Назарбаев алдағы уақытта партия жұмысын күшейтіп, халықпен тығыз байланыста болуды тапсырды. Сондықтан, қаладағы фракция мүшесі болып есептелетін 27 депутат тұрғындармен жұмыс жасауы керек. Сонымен қатар, партия мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарымен бірлесіп елдімекендердегі халықтың мәселелерін шешу жолдарын қарастыруы қажет. Ал, мәселенің шешімі ұзақ уақыт талап ететін болса, адамдарға бос уәде бермей, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біздің партия халықтың қамын ойлайтын болғандықтан, барлығыңызды осындай істерді біріге атқаруға шақырамын. Сондай-ақ, кейбір тұстарда жалған ақпараттар тарап, халық арасында жиі наразылық туындап жатқандықтан, партия БАҚ өкілдерімен, қоғам белсенділерімен ашық түрде жұмыс жасауы керек деп ойлаймын және Саяси кеңес құрамына БАҚ қызметкерлерін қосуды ұсынамын», - деді қала әкімі Е.Айтаханов өз сөзінде.

Сондай-ақ, қала басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, жұмыссыз адамдарды оқытып, кәсіпкерлікке баулу және оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек мәселелері жайлы да айтып өтті.

Сонымен қатар, аталған мәжіліс барысында партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және лайықты емес мүшелерді партиядан шығару, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру тақырыптары талқыланды.