Шымкенттің әкімі қоғамның бірлігі мен ынтымағын арттыру және қала мәдениетін дамыту жайлы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Бүгін Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қоғамның бірлігі мен ынтымағын арттыру және қала мәдениетін дамыту жайы сөз болған кездесу барысында қала әкімі арнайы келген ел ағаларына алғысын білдіріп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
«Мемлекет басшысы Шымкент қаласын өркендету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп отыр. Яғни, қаланың шеткі аймақтарындағы шағынаудандардың инфрақұрылымын дамыту – басты тапсырмаларының бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз», - деді Ерлан Айтаханов өз сөзінде.
Сонымен қатар, әлеуметтік салалардағы ауқымды мәселелер талқыланған басқосуда қала басшысы зиялы қауым өкілдерін келер жылы өтетін «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылын абыроймен өткізу үшін бір кісідей атсалысуға шақырды.