"Ғашықтар күні": Шымкентте «Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауы өтті

0
1 068

Қатысушылар 4 кезең бойынша сайысқа түсті.


Бүгін Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 15- сәуір – Қозы Көрпеш Баян Сұлу ғашықтар күніне орай, «Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастарды ізеттілікке баулу, үлкенді құрметтеуге шақыру, ұлттық салт-дәстүрді жастар арасында насихаттау, ұлттық сананы қалыптастыра отырып, қоғамдық және мәдениет салаларына белсенділігін арттыру.
«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауына арнайы кастинг жарияланып, жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 30-ға жуық жұп қатысуға ниет білдірген. Солардың ішінен кастинг нәтижесі бойынша 8 жұп іріктеліп, жолдама алған.
Қатысушылар 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, арнайы шығарылым, өзін-өзі таныстыру, шығармашылық өнер және зияткерлік бөлімі. Қатысушылар түрлі өнер көрсете отыра, әділқазылардың 5 пен 10-ға дейінге балдық шкаласымен бағаланды.
«Бозбала мен Бойжеткен – 2023» байқауының нәтижесі:
1-орын: Даниял мен Ақсезім - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті;
2-орын: Бақдаулет пен Меруерт - Орталық Азия инновациялық университеті;
3-орын: Асылбек пен Жасмин - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті.
Номинациялар бойынша:
Ең жарасымды жұп – Едігі мен Аружан;
Ең өнерлі жұп – Айбек пен Балнұр;
Ең креативті жұп – Нұржан мен Сания;
Көрермен көзайымы жұбы – Дарын мен Жанель;
Ең парасатты жұп – Бақдәулет пен Ару.
Жеңімпаздар арнайы диплом мен арнайы сыйлықтармен марапатталды. Байқауға қатысып, жүлделі орын алған барша қатысушыларды құттықтаймыз!

Еске сала кетейік, аталған байқау биыл қаламызда екінші рет өткізіліп отыр. Ең алғаш рет «Бозбала мен бойжеткен – 2022» байқауы өткен болатын. Сайысқа қатысуға 50-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Дегенмен, 8 жұп қана финалға жолдама алып, бақ сынады.