Кеше Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған болатын.
Шымкенттегі гүл дүкенінде болған атышулы оқиғаның қатысушысы – Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды өз өтініші негізінде жұмыстан босатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
10 тамызда әлеуметтік желілер мен БАҚ-да Шымкент қаласында орналасқан гүл дүкендерінің бірінде қоғамға жат мінез-құлыққа жол берген азаматтарға қатысты бірқатар бейнежазбалар жарияланған.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, бейнежазба қатысушыларының бірі Шымкент қаласының Енбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Маратұлы Елқонды екендігі анықталып, оның әрекеті үлкен қоғамдық резонанс тудырған.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан Д.Елқондыны жауапкершілікке тарту мақсатында материалдар жолданған. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының бұйрығымен Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы тарапынан, қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізу арқылы, қолданылған тәртіптік жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкестігі тұрғысынан зерделеу қажеттігі туралы тапсырма берілген.
Алайда, қазіргі уақытта Д.Елқонды өзінің өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оған мемлекеттік қызметті өз еркімен тоқтатуға кедергілер болмаған.