Шымкент әуежайы арқылы қалаға осы апта ішінде 119 рейспен 22 мыңға жуық адам келмек.
Шымкентте қала күні қарсаңында әуе рейстері мен пойыз қатынастарында сатылым билеттерінің саны азайған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әсіресе, апта соңына қарай, «Шымкент қаласы күнімен» тұспа-тұс келген демалыс күндеріне алдын ала брондау арқылы сатылып жатқан билеттер саны таусылуға шақ. Шымкент әуежайы арқылы қалаға осы апта ішінде 119 рейспен 22 мыңға жуық адам келмек. Одан өзге, Шымкент теміржол вокзалы арқылы шамамен 170-ке жуық пойыз қатынасының жүруі жоспарланған. Орташа есеппен, пойызбен Шымкентке 40 мыңнан аса адам саяхат жасамақ.
Осы күндері әуежайдағы тұрақты рейстер бойынша еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей, Қостанай және шетелдің Анталия, Кутаиси, Стамбұл, Мәскеу және өзге де қалаларынан келушілер бар. Ал чартерлік рейстер қатарында Ақтөбе, Жезқазған, Павлодар, Петропавл, Тараз, Қызылорда және Қарағанды қалаларына әуе рейстері қатынауда. Сондай-ақ, жыл басынан бері халықаралық бағытта Анталия, Шарм-эль-Шейх, Дубай, Мәскеу, Бішкек, Ош, Медина, Гоа, Шарджа және т.б қалалармен чартерлік әуе рейстері қатынап келеді.
Ресми статистикаға сүйенсек, осы жылдың 3 айында Шымкентке 97 501 адам келіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орынға ие болған.
Айта кетейік, Шымкент қаласына келуші туристер саны – 316 832 адамды құраған. Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша статистика 213 394 адамға жеткен. Бұл пайыздық көрсеткіш - мегаполиске келген азаматтар санының 148,5 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Шымкентке ат басын бұрған қонақтардың басым көпшілгі өз еліміздің тұрғындары десек болады. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының дерегінше, Қазақстанның 300 мыңнан астам тұрғыны мен шетелдің 14 мыңнан астам азаматы Шымкент қаласына саяхаттау, іскерлік, кәсіптік, сондай-ақ жеке мақсатта сапарлатып келген.