​ҚАЛА КҮНІ: ШЫМКЕНТ – еліміздің ең ірі өндірістік және индустриялық орталықтарының бірі

0
121

Соңғы үш жылда бюджет 613 миллиард теңгеден 868 миллиард теңгеге дейін өсіп, 1,4 есеге артты.


​ҚАЛА КҮНІ: ШЫМКЕНТ – еліміздің ең ірі өндірістік және индустриялық орталықтарының бірі

Шымкент – еліміздің ең ірі өндірістік және индустриялық орталықтарының бірі, 1 миллион 300 мыңнан аса халқы бар қарқынды дамып келе жатқан республикалық маңызы бар мегаполис.

Қалада тамақ, мұнай өңдеу, химия, тоқыма және фармацевтика салаларында 800-ге жуық ірі және орта кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.
2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,7 триллион теңгеге жетті. Соңғы жеті жылда алғаш рет экономикалық өсім 11 пайызды құрап, Шымкент өңірлер арасында екінші орынға көтерілді. Ал соңғы үш жылда қала экономикасына 2,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 75 пайызы – жеке инвестиция.
Шымкент өнеркәсіп саласында да көшбасшылар қатарында. Мұнда еліміздегі мақта майының 97 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 63 пайызы, дәрі-дәрмектің 41 пайызы, мотор отынының 38 пайызы және шыны ыдыстың 36 пайызы өндіріледі.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 859,5 миллиард теңгеге, ал өнеркәсіп өндірісі 1,5 триллион теңгеге жетті.
Қала шетелдік инвесторлар үшін де тартымды орталыққа айналып, халықаралық компаниялардың қатысуымен жаңа өндірістер ашылып жатыр.
Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында жалпы құны 170 миллиард теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Солардың бірі алкогольсіз сусын өндіретін «Кока-Кола» компаниясы. Трансұлттық компанияның инвестиция тартуы қала үшін маңызды жетістік. Жобаның құны 27 миллиард теңге, нәтижесінде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сыртқы сауда айналымы 2,6 миллиард АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі – 616 миллион доллар.
Шымкентте жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда құны 453 миллиард теңгелік 344 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Орташа жалақы 342 мың теңгеге дейін өссе, экономикалық белсенді халық саны 490 мың адамға жетті. Қалада 140 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 260 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Соңғы үш жылда бюджет 613 миллиард теңгеден 868 миллиард теңгеге дейін өсіп, 1,4 есеге артты.
Экономикалық өсім қаланың келбетін де өзгертті. Мың шақырымнан астам көше жаңартылып, қала толықтай көше жарығымен қамтылды. Тек 2025 жылдың өзінде 45 жаңа гүлзар салынып, қоғамдық кеңістіктің жалпы саны 90-ға жетті.
Бүгінгі Шымкент – өндіріс, инвестиция және үлкен мүмкіндіктер тоғысқан мегаполис, тынымсыз тіршілігімен ерекшеленетін еңбекқор халықтың қаласы. Тарихы терең шаһар күн сайын қарқынды дамып, жаңа белестерді бағындырып келеді.
Шымкент – бәріміздің мақтанышымыз.
Жаса, жайна, гүлдене бер, сүйікті Шымкент!
Бөлісу