Онда 50-ден астам тоқыма бұйымдары өндіріледі.
«Кашемир» атауы алғаш рет Үндістанның Кашмир ауданында матаның өндірілуіне байланысты шыққан. Ондағы тұрғындар матаны «кашемир» деп атап, одан түрлі өнімдер шығара бастайды.
Орта ғасырларда кашемир Еуропада ерекше бағаланғандығы сондай, ақсүйек өкілдерінің ғана қолы жететін бұйым саналған деседі. Ол мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі Қазақ халқының бағзыдан қолданысында болған.
Бүгінде ата кәсіп қайта жанданып Шымкент қаласында кашемирден жасалған өнімдер шет елдерге экспортқа шығарылады. ERNUR.KZ сайтының тілшісі «Шымкент Кашемир» өндіріс орнына барып кәсіпорынның тіршілігімен танысып қайтты.
«Шымкент-Кашемир» ЖШС-і – жүн жуып, түтіп, иірілген жіптен тігілген киім, көрпе, шұлық шығаратын зауыт. Кәсіпорын 2011 жылы 9 желтоқсанда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылды. 3 гектар аймақта 5 шеберхана жұмыс істейді. Онда 33 станок, 18 аппарат орнатылған. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан жұмыс істей алады. Құрылғылардың бәрі Қытайдан әкелінген, қазір жүн тарау, түбіт өндіру жұмысы да басталған.
Зауыттың жұмыс барысы алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыптаудан басталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Онда қойдың жүнінен топс өндіріледі. Топстан жіп иіріледі. Түйе жүнінен көрпе, көрпеше, жамылғылар, матрастар шығарылады.
Трикотаждан әйелдерге арналған пальто, жемпір, кеудеше, үлкендер мен балаларға арналған жейде, мойын орағыш сынды 50 ден астам тоқыма бұйымдары өндіріледі. Тоқыма цехындағы бұйымдар синтетикалық қоспасы жоқ таза қой жүнінен жасалатын жіптен тоқылады.
Кеңес уақытында жүн қабылдап, өңдейтін ірі зауыттардың бәрі жабылып қалғаны белгілі. Қазақстанда бұған дейін кашемир өндіретін өндіріс орны болмаған. Елімізде алғашқы болып ашылған «Шымкент-Кашемир» жылына 10 000 тонна өнім өндіреді.
- "Шымкент Кашемир» ЖШС-і өңдірген отандық өнімнің сапасы талапқа сай келеді. Тігетін көрпелерге тек табиғи шикізат – меринос қойдың жүні мен түйенің түбіті салынады. Жамылғылар, сонымен қатар матрастың ішіне де түбіттер салып шығаруда. Айта кету керек, сапасы жоғары, мінсіз тігілген көрпелер «Қазақтың ұлттық көрпесі мынадай!» деп мақтана көрсетуге лайықты. Моңғол, Италия, грек және ресейлік өнімдерден еш кем түспейді. Бірақ бағасы әлдеқайда төмен, - дейді кәсіпорын директорың орынбасары Санат Шағанбекұлы.
Кашемир өнімдерін шығару үшін елімізде шикізат жетерлік. Қой жүні Түркістан облысы, Алматы, Орталық Қазақстан, Жезқазғаннан келсе, түйе жүнін Қызылорда мен Маңғыстау облыстарынан әкелінеді екен.
Дайын өнімдер елімізден өзге Қытай, Жапония, Италия, Америка, Канада, Германия, Беларусь елдеріне экспортталады. Алайда карантин кезінде көп елдің шекарасы жабылып, нарыққа шығарар өнімнің саны азайған.
Зауыт директорының орынбасары Санат Шағанбекұлының айтуынша, кәсіпорын өткен жылға дейін 90% жұмыс істеп тұрса, карантиннен кейін тек 10% ғана жұмыс істейтін болған. Себебін шет елдермен шекара жабылғаны, базарларда сауда тоқтатылғанымен түсіндірді кәсіпкер.
Төтенше жағдай жарияланғанда өндіріс орнының қызметкерлері қысқарған екен. Бұрын 100-ге жуық адам еңбек етсе, қазір тек 25 жұмысшы ғана қалған.
- Бізге карантин оңайға соқпады. Жұмыс күшіміз айтарлықтай әлсіреді. Келер жылы, карантин бітсе кәсіпорын жұмысы қайта жанданады. Бізде жұмыс көктем және күз мезгілінде қарқын алады. Себебі, дәл осы уақытта қырқым кезі болып, жан-жақтан жиналған қой және түйе жүндерін өңдеуге кірісеміз. Келер көктемнен бастап жұмыс қарқынын күшейтіп, өзге де шет елдермен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, - деді алдағы жоспарымен бөліскен Санат Шағанбекұлы.
Ата-бабаларымыз түйе жүнін әртүрлі сырқаттарға және сары су жиналған буындарға басып емдегені айтылады деректерде. Түйе жүнінен жасалған белдікпен құяңды жазып, көрпесі суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие екенін де айтып жүр мамандар.
Осындай пайдалы өнімді іздегендер алыстан емес, жақыннан-ақ таба алады. Ол өзіміздің үшінші мегаполисте өндіріліп жатыр. Оны "Шымкент-Кашемир" өнімі деп іздесеңіз, базардан да таба аласыз.