Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының халықаралық гастрольдік сапары Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрынан басталды.
Гастрольдік сапар аясында театр ұжымы мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Шараға театр директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Нұржан Тасбулатов, театрдың көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Салауат Түменов, сондай-ақ Ж.Шанин атындағы театр директорының міндетін атқарушы Бекжігіт Әбдіхалық Әмірханұлы қатысты.
Баспасөз мәслихатында гастрольдік сапардың мақсаты, сахналанатын қойылымдардың мазмұны мен ерекшеліктері жайында кеңінен ақпарат берілді.
— Құрметті журналистер қауымы, сіздер арқылы театр ұжымының шығармашылық жұмыстары мен гастрольдік қойылымдары жайлы көрермендерге кеңінен ақпарат таратуға мүмкіндік алып отырмыз. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін барлық бұқаралық ақпарат құралдарына алғысымызды білдіреміз, — деді театр директоры Нұржан Тасбулатов.
Өнер ұжымы биыл 33-маусымын ашып отыр. Театр тәуелсіздік жылдары құрылған шығармашылық орталықтардың бірі ретінде кәсіби сахналық қойылымдарымен көрерменнің ықыласына ие болып келеді. Биылғы гастрольдік маусым халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр.
Шымкент қаласында театр ұжымы көрермен назарына ақын, халық қаһарманы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған «Жұбан» поэтикалық драмасын және балаларға арналған «Жалқаудың жыры» атты ертегіні ұсынды.
«Жұбан» қойылымының авторлары – «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева және драматург, «Алаш» сыйлығының иегері Мадина Омарова. Қойылымды сахналаған – «Асанәлі» сыйлығының иегері Гауһар Адай.