​«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕР ҮШІН МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

0
91

Кітап оқу оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытады, кез келген мәселеге саналы түрде қарауға үйретеді


​«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕР ҮШІН МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ


Жас ұрпақты тәрбиелеуде ең басты құралдың бірі – кітап. Оқушының ойлау қабілеті мен дүниетанымын қалыптастыруда кітаптың орны ерекше. Мектеп – білімнің алғашқы баспалдағы болғандықтан, балалардың кітаппен дос болуы осы кезеңде басталуы тиіс. Осы мақсатта енгізілген «Кітап оқитын ұлт» жобасы оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың ой өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту және танымдық қабілеттерін арттыруды көздейді.
Бұл жоба мектептерге бірнеше тұрғыда пайдалы: біріншіден, кітап оқу оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамытады, кез келген мәселеге саналы түрде қарауға үйретеді; екіншіден, көркем әдебиетті оқу арқылы бала тек тіл байлығын ғана емес, адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңіреді; үшіншіден, мұғалімдер жобаны сабақтан тыс уақытта пайдаланып, кітап талқылауы, пікірталас, шығармашылық кештер, шағын көріністер сияқты іс-шаралар арқылы балаларды белсенді оқырманға айналдыра алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіндей, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Ол атап өткендей, «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Осы сөздер жобаға мән берудің басты негізін құрайды, себебі мектеп жасындағы оқушылардың кітаппен байланысы – қоғамның оқу мәдениетінің қалпын айқындаушы фактор.
Егер мемлекетте жастардың басым бөлігі кітап оқуға әдеттенсе, қоғамдағы көптеген мәселелердің түп-төркіні – білімсіздік пен немқұрайлық – жойылады. Жасөспірімдердің мәдениетке, әдебиетке қызығушылығы артып, болашақта саналы, сауатты, жауапты азаматтар қалыптасады. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасының мектептер үшін маңызы зор: бұл жоба тек кітап оқуды насихаттау ғана емес, қоғамды жаңа деңгейге көтерудің, рухани жаңарудың кілті. Мемлекет басшысы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды біріктіріп, елімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу сияқты үлкен мақсатқа жетелейді.
Айтбаева Шолпан Сапарбайқызы
Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының директоры
Бөлісу