​КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

0
406


​КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Шымкентте қала әкімі Қаратау ауданындағы Тұран, Нұртас, Мәртөбе, Мирас-2, Тассай және Достық шағын аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.

Аудан тұрғындары жолдарды асфальттеу, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, газ, кәріз жүйелерін жүргізу жоспарларын сұрады. Сондай-ақ, шалғай көшелерге бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жарықтандыру жүйелерін орнату қажеттілігі көтерілді.

Айта кетейік, келесі жылы Тұран шағынауданында ұзындығы 17 шақырым 33 көшені асфальттеу, ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында 13 көшеге жарық беру жоспарлануда. Сондай-ақ Мәртөбе тұрғын алабында үздіксіз энергиямен жабдықтау үшін кабельдер мен тозған трансформаторларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Мирас шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Мегаполис басшысы Тассай тұрғындарының өтініші бойынша жауаптыларға медициналық бекет салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Кездесу барысында автобус аялдамаларының сапасына және қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне шағымдар айтылды. Барлық мәселелер назарға алынып, тиімді шешімдер қабылдауда нақты тапсырмалар берілді.

Еске салсақ, бұған дейін Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің өзге де аудандарының тұрғындарымен көшпелу кездесу аясында жүздесіп, тұрғындарың мәселелерін бетпе-бет талқылаған болатын. Еңбекші ауданындағы Шаңырақ, Тұрдыабад Базарқақпа, Абдулабад шағын аудандары мен тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесуде жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жолдар мен спорт алаңдарын салу сұрақтары да қарастырылып, қоғамдық көліктер мен кәсіпкерлік нысандарының жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірген еді. Сонымен қатар, Абай ауданының «Самал-2», «Шұғыла», «Ынтымақ-2», «Қызылжар», «Жайлау» және «Алтынтөбе» шағынаудандарының тұрғындарымен жүздескен болатын. Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастары, балалар алаңдарын салу, бейнебақылау камералары мен көше жарығын орнату, жолды асфальттау және кеңейту, қоғамдық көлік жұмысы мен кәріз жүйесін тарту секілді маңызды мәселелерді көтерген еді.

Бөлісу