Тұмау вирусы мұрын-жұтқыншақ арқылы ағзаға еніп, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарына шабуыл жасайды. Жұқтыру сәті мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.
Күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түседі. Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы кеңінен баяндап берді.
Спикерлердің айтуынша, инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады.