Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғандар анықталды

0
2 690

Рейдтік іс-шара барысында қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған 2 факт анықталған.


Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғандар анықталды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қалалық ішкі істер департаментімен бірлесе қала аумағында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөліктерін демалыс және жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдалану жағдайларын анықтау бойынша рейдтік іс-шара барысында анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рейдтік іс-шара барысында қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған 2 факт анықталған. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 29 тамыз күні сағат 21:05-те Шымкент қаласы, Шаяхметов көшесінің бойында (Алатау спорт кешенінің маңы) Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірі 155 AV /13 Skoda Superb B6 қызметтік автокөлігі тоқтатылды. Автокөлік жүргізушісі М.Төлешовпен бірге автокөліктің ішінде оның туысқандары бірге болған.

Сондай-ақ, құжаттарда оның іссапар қағазы, жолдама парағында оның медициналық тексеруден өткендігі жайлы белгі мен автокөліктің гараждан шығу және кіру мерзімдері көрсетілмеген. Яғни, автокөлік оның жүргізушісінің өз қалауы бойынша мерзімсіз басқаруда болған» — деп атап өтті Департаменттің бас маманы С.Забиров.

Сонымен қатар, рейд барысында 29 тамыз күні сағат 21:50-де Шымкент қаласы, Тәуке Хан даңғылының бойындағы (С.Сматлаев көшесінің қиылысы) ЭВИ дәмханасының автотұрағында Түркістан облысы, Еңбек инспекциясы басқармасына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірі 025 AV /13 Toyota camry қызметтік автокөлігі тұрған. Автокөліктің иесін іздестіру барысында оның жүргізушісі М.Төлендиев жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлікті жеке мақсатқа пайдаланғаны (өзінің отбасы мүшелерімен дәмханаға кешкі ас ішуге келген) анықталды.

Осылайша, автокөліктерге жауапты болып бекітілген мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары тарапынан мемлекеттік мүлікті тиімді және тек қызметтік мақсатқа пайдалануға және құжаттардың толық рәсімделуіне тиісті бақылау болмаған. Алдағы уақытта осы тұрғыдағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.