Мұрат Әйтенов: Қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленді

0
1 753

Шымкентте эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін айтқан қала басшысы қала тұрғындарын адам көп шоғырланған жерге барудан бас тартуға шақырды.


Мұрат Әйтенов: Қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленді

Кеше Шымкент қаласында пандемияға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың жүйелі мәселелері мен кеше 1 сәуір күні еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты өткен кеңес барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы қарастырылды.

Шымкентте эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін айтқан қала басшысы тұрғындар арасында маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және қала тұрғындарын адам көп шоғырланған жерге барудан бас тартуға шақырды.

«Соңғы екі тәулікте шаһарда індет жұқтырған 147 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып отыр. Сондықтан Шымкент қаласы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймаққа» енді. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы коронавирусқа қарсы вакцинацияны қабылдау. Сондықтан сала мамандары осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек»,- деді қала әкімі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың хабарлауынша, бүгінде Шымкент қаласында жалпы коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші компоненті 7400 адамға, ал, екінші комоненті 3385 адамға егілген екен. Сонымен қатар ол инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары қаладағы 26 емдеу мекемесінде және демалыс күндері де жүргізіліп жатқанын айтты. Бұған қоса қосымша 10 бастапқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында екпе жасау үшін арнайы кабинеттер дайындалған.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленгенін айтып, өткен жылғы қателіктердің орын алмауын баса айтты.


«Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға жеткізуіміз керек. Әр аймаққа жеткен кезде тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бас дәрігерлердің міндеті.
Сонымен бірге олар науқастарды қабылдау алгоритімін әзірлеуі тиіс. Адамдардың жиналып қалуын және кезек күтпеуін қамтамасыз етуі керек. Дайындықтар пысықталып, кемшіліктер анықталып, шешім жолдары қаралсын»,- деді М.Әйтенов.

Осы тұста қаланың бас дәрігері коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеу үшін қаладағы медициналық ұйымдарда қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын атап өтті. Ол медициналық ұйымдарда 900 млн. теңгенің дәрі-дәрмек қорының бар екенін, бұл екі айға дейін жететінін мәлім етті. Сонымен қатар, қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда тәулігіне барлығы 6 270 тест жасау қуаттылығы бар.
Айта кетейік, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 96 жағдай тіркелді. Ал, қалада жыл басынан бері 1440 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні қалада 1 380 төсек - орын бар оның 1067 төсек – орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 313 науқас ем қабылдауда. Ауруханадағы төсек орындар толымдылығы 22% құрайды.