Қан тапсыру – адам өмірін құтқаратын ең ізгі істердің бірі. Донордан алынған қан түрлі ауыр жарақат алған науқастарға, босану кезінде қиындыққа тап болған аналарға, қан жетіспеушілігімен ауыратын балалар мен ересектерге қолданылады.
2025 жылдың 21 тамыз күні Шымкент қалалық қан орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған «30 мерейлі күн» жоспары аясында «ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА» атты ерікті қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды.
Бұл игі бастамаға қала тұрғындары, еріктілер және түрлі сала өкілдері белсенді қатысып, 70-ке жуық азамат донор болды. Қан тапсыру барысында жиналған қор өміріне қауіп төнген науқастарға, соның ішінде босану кезінде асқынуға тап болған аналарға және қан ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталмақ.
Медицина мамандарының айтуынша, қанға деген қажеттілік үнемі бар. Әсіресе, жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналар арасында қан кету жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай сәтте донордан алынған қан ана өмірін сақтап қалуға шешуші рөл атқарады. Көп жағдайда донор қаны болмаса, жас ананы аман алып қалу мүмкін болмай жатады. Осы себепті әрбір тапсырылған қан – тек сандарда емес, нақты құтқарылған тағдырларда көрініс табады.
Сонымен қатар, қанға мұқтаж екінші үлкен топ – балалар. Қан жетіспеушілігіне байланысты түрлі аурулармен күресіп жүрген бүлдіршіндер үшін донорлық қан – сауығып кетудің жалғыз мүмкіндігі. Онкологиялық сырқатпен күресіп жатқан кішкентай науқастарға да қан құю жиі қажет болады. Донорлардың мейірімі арқасында олар қайтадан өмірге құштарлықпен оралып, болашағына сеніммен қарай алады.
Қалалық қан орталығының мамандарының айтуынша, бір ғана донор тапсырған қан үш түрлі адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл – үлкен қайырымдылық пен жанқиярлықтың нақты көрінісі. Әр донор өз қаны арқылы белгісіз біреуге үміт сыйлап, ажалдың аузынан алып қалуға үлес қосады.
Сонымен қатар, мамандар қан тапсырудың донордың өз денсаулығына да пайдалы екенін атап өтті. Қан тапсыру барысында ағзадағы қан айналымы жақсарып, жаңа қан түзілу процесі жеделдейді. Бұл жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға көмектеседі әрі жалпы ағзаға сергітуші әсер береді.
Шымкент қалалық қан орталығы акцияға қатысқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, тұрғындарды тұрақты түрде қан тапсыруға шақырды. Себебі қан қорының жеткілікті болуы – медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, босанған аналардың өмірін сақтап қалуға және науқас балаларға жаңа үміт сыйлауға әрбір адамның үлесі зор.


