"Педагогтардан тек білім сапасын арттыру ғана күтіледі" - Әйтенов

0
507

Қала басшысы балалардың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі мәселе екендігіне көңіл бөлді.


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала педагогтарының дәстүрлі тамыз конференциясына қатысып, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала мектептерінің дәстүрлі оқу форматына дайындығын атап өткен қала басшысы балалардың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі мәселе екендігіне көңіл бөлді.
Қала әкімінің айтуынша, зияткер ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндет болып белгіленген. Білім саласында мақсатты индикаторлық көрсеткіштер қойылып, адами капиталдың сапасын арттыру міндеттері межеленген. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының құрылысын жүргізу, олардың жабдықталу деңгейін арттыру, білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жолға қою, педагог кадрлардың әлеуетін көтеру, тағы басқа маңызды көрсеткіштер қамтылған. Алдағы 5 жылда қалада 72 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып, үш ауысымды мектептер мәселесі мен мектебі жоқ шағынаудандар мен тұрғын алаптарда жаңа мектептер салынбақ. Биылдың өзінде 32 мектептің құрылысы басталып, 20 мектеп жыл соңына дейін іске қосылмақ. 16 мектептің құрылысына жеке инвесторлар тартылған. Мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуде қалалық мәслихат та қолдау көрсетіп келеді.
Білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жыл санап артып отырғандығын мәлімдеген қала басшысы, педагогтардан тек білім сапасын арттыру ғана күтілетінін айтты. Оқушыларымыз білім олимпиадалары мен ұлттық тестілеу көрсеткіштерінен оқ бойы озық тұруы керек деген талабын жеткізді. «Бүгін мектебіне үлес қосқан бала, ертең еліне үлес қосатын болады», - деп атап өтті қала әкімі. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде балаларымыз өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс деген қала басшысы, ұстаздарды балаларымызды жан-жақты дамытуға шақырды.