​РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШ: ШЫМКЕНТТІҢ КӨШЕЛЕРІ 100% ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

0
197

Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 2024-2025 жылдар аралығында қала бойынша 95 223 жарықшам орнатылды. Бұл тек орталық даңғылдарды ғана емес, шеткері шағын аудандар мен елді мекендерді де қамтыған ауқымды жоба.


​РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШ: ШЫМКЕНТТІҢ КӨШЕЛЕРІ 100% ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Шымкент қаласының инфрақұрылымында бұрын-соңды болмаған ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда мегаполистегі көшелерді жарықтандыру қарқыны 40 есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Қала басшысы атап өткендей, 2023 жылға дейін Шымкентте жарықтандыру мәселесі баяу қарқынмен шешіліп келген. Ол кезде жыл сайын орта есеппен небәрі 115 көшеге ғана шырақтар орнатылып, жалпы қаланы қамту деңгейі 30 пайыздың төңірегінде болған.

Алайда, соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жағдай түбегейлі өзгерді:

  • 2023 жылға дейін: Барлығы 2 028 көше жарықтандырылған болатын.
  • 2024-2025 жылдарда: Қосымша 4 686 көшеге жарық жүргізілді.
  • Нәтиже: Жұмыс көлемі 40 есеге ұлғайып, жыл соңына дейін Шымкент көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылады.

Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 2024-2025 жылдар аралығында қала бойынша 95 223 жарықшам орнатылды. Бұл тек орталық даңғылдарды ғана емес, шеткері шағын аудандар мен елді мекендерді де қамтыған ауқымды жоба.

Жарықтандыру жұмыстарын тиімді жоспарлау үшін қалада кешенді паспорттау жүргізілді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкенттің жол желісінің жалпы ұзындығы 3 840 шақырымнан асады. Қалада барлығы 6 882 көше тіркелген.

«Тұрғындарға қолайлы орта құрумен бірге, қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру мәселесі де өте маңызды. Біздің мақсатымыз – мегаполистің әрбір бұрышын жарық әрі қауіпсіз ету», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Шымкент – уақыт талабына сай жаңарып келе жатқан мегаполис. Соңғы екі жылдағы инфрақұрылымдық өзгерістер қала дамуының жаңа стандартын қалыптастырды. Толық жарықтандырылған көшелер тек эстетикалық көрініс беріп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының азаюына және қылмыс деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етпек.

Шымкенттің бұл тәжірибесі инфрақұрылымдық мәселелерді қысқа мерзімде әрі тиімді шешудің үлгісі ретінде бағалануда.

Бөлісу