«Ұрпаққа аманат» жобасы аясында «Патриотизм дауысы» және т.б.
Шымкентте республика күні мерекесінде өткізілетін іс-шаралар бойынша баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Былтырдан бастап елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде тойланады. Ұлт үшін маңызды датаға былтыр ел Президенті ерекше мәртебе берді. 25 қазан Тәуелсіздік бастау алған тарихи күн.
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Мөлдір Кеуенова, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Алмас Керімбековтің қатысуымен 25 қазан Республика күні, Ұлттық мерекеге орай, Шымкент қаласында өткізілетін іс-шаралар туралы баспасөз конференцияда сөз қозғалды.
«2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күніне «Ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды ұсынаған болатын. Биыл міне, аталған мереке елімізде екінші рет аталып өткелі жатыр. Осыған орай Шымкент қаласында «Республика күні» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру және этап бойынша тиісті арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бүгінгі таңда қала аумағында мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді», - деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.
Спикердің айтуынша, жалпы жоспар аясында мерекелік және патриоттық-тәрбиелік маңызы бар көптеген іс-шаралар өткізілетін болады. Олар: «Ұрпаққа аманат» жобасы аясында «Патриотизм дауысы» атты патриоттық әндер челленджі, «Дебаттық қозғалыс» жобасы аясында «Мен өз елімнің азаматымын!» атты қалалық дебат турнирі, жастар арасында зияткерлік конкурстар, жалпы мерекеге орай қаланың барлық 5 ауданында арнайы мерекелік концерт іс-шаралары, көрмелер, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты өнер мекемелерінде Кітапханашы күніне орай және 25 қазан Республика күні аясында жалпы 20 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілетін болады.