Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
2023 жылдың 19 наурызында өтетін сайлауға байланысты қалалық қоғамдық көліктерде Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары тегін тасымалданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен және Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен 2023 жылғы 19 наурызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы тағайындалды.
Тиісті сайлау комиссияларының шешімдерімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілген.
Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттар 1 млн теңге сайлау жарнасын төлейді. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін жарна 350 мың теңгені құрайды. Орталық сайлау комиссиясында өткен отырыста мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттардың сайлау жарнасы қанша болатыны белгілі болды. Партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттар үшін сайлау жарнасын саяси партиялар төлейді.
"Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді. Бүгінде оның мөлшері 1 050 000 теңгені құрайды", - деді ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов.
Бұл ретте Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.
"Бір мандаттық округтерге түскен кандидаттар нақ сол мөлшерде жарна төлейді" - деп атап өтті ОСК мүшесі. Ал мәслихат депутаттығына үміткерлер ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшерінде, яғни 350 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Саяси партия сайлау қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде 5 пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна саяси партияға қайтарылады. "Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады", - деп мәлімдеді Өтемісов.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда тіркелген 7 саяси партияға алдағы мәжіліс сайлауына қатысуға рұқсат берді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сайлауда дауыс беруге 12 032 550 азаматтың құқығы бар.