ШЫМКЕНТ: 12 жыл бойы нәресте күткен ана дүниеге үшем әкелді

0
2 260

Сондай-ақ, тағы бір жас ана өмірге үшем әкелді.


ШЫМКЕНТ: 12 жыл бойы нәресте күткен ана дүниеге үшем әкелді

Шымкент қаласында қос бірдей үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қала тұрғыны Аида Баянболова үш бірдей қыз баланы дүниеге әкелсе, Гулмира Қуандықова екі қыз бен ұл баласын аман-есен босанып алды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қос үшемді дүниеге әкелген аналарды арнайы перзентханаға құтықтап барып, үшемдерге сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, үшем қыздарды дүниеге алып келген Аида Баянболова 12 жыл бойы сәбилі болуды армандаған. Дәрігерлердің біліктігі арқасында ананың үміті ақталып, қаншама жылдар бойы асыға күткен сәбилерімен қауышты. Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни, жеті айлық болып дүниеге келген. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелер жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, алдағы 20 күнді арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді.

Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосып, үйіне шығуда.


Ал 22 жастағы Гүлмира Қуандықованың шаңырағы екі қыз және бір ұл баласымен толығып отыр. Сәбина, Әлинұр, Адина есімін иеленген сәбилер күніне жетпей туылғанымен, дәрігерлер көмегінің нәтижесінде бүгінде жағдайлары қалыпқа түскен.

Үшем мен аналары әлі бірнеше күні бойы перзентханада дәрігерлердің бақылауында болады.