ШЫМКЕНТ: АӘК алушы 150 адам тұрақты жұмысқа жолданды

0
111

Ақшалай төлеммен қатар, жұмыспен қамту шаралары ұсынылады.


  ШЫМКЕНТ: АӘК алушы 150 адам тұрақты жұмысқа жолданды

Шымкент қаласында табысы төмен азаматтарға кешенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 1 615 отбасындағы 8 290 азаматқа тағайындалған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 5158 отбасыдағы 27 238 адамды құраған.

АӘК-тің басты мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 63 пайызға азайды. Бүгінде олардың қатарында еңбекке қабілетті 868 азамат бар. Оның ішінде өтініш беру кезінде 638 адамның жұмысы бары анықталды.
Ақшалай төлеммен қатар, жұмыспен қамту шаралары ұсынылады. Олар – тұрақты жұмысқа орналастыру, оқуға жолдау, қоғамдық жұмыстар мен жастар практикасына қатыстыру, сондай-ақ, қайтарымсыз гранттар арқылы кәсіпкерлікке баулу.
Нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында АӘК алушылар арасынан 162 азамат жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды. Оның ішінде 150 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 6 адам қоғамдық жұмыстарға, тағы 6 адам қайта даярлау курстарына жолданды.
Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға уақытша қаржылай қолдау көрсету мақсатында тағайындалатын мемлекеттік көмек. 2025 жылдың IV тоқсанында Шымкент қаласында кедейлік шегі 40 683 теңге болып белгіленді.
Бөлісу