ШЫМКЕНТ: ​Абай ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын тойлады

0
2 953

Бүгінгі мерекеде Абай ауданының тұрғындары да бастама көтеріп, киіз үйлер тігіп, дастарқан жайып, мерекені бірлесіп атап өтуге үлес қосты.


ШЫМКЕНТ: ​Абай ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын тойлады

Абай ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын тойлады. Аудан тұрғындары отбасыларымен Асар шағынауданындағы орталық алаңға келіп, күн мен түннің теңелген, көктемнің басты мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аудан әкімі Бұхарбай Парманов тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екенін атап өтті.
"Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілігі мен келісімінде. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін", - деді аудан әкімі.
Думанды мерекеге келген қонақтар №89 мектеп-лицейі мен дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназиясының оқушыларының концерттік бағдараламасын тамашалады.
Бүгінгі мерекеде Абай ауданының тұрғындары да бастама көтеріп, киіз үйлер тігіп, дастарқан жайып, мерекені бірлесіп атап өтуге үлес қосты. Келген жұртқа наурыз көже, сумелек, бауырсақ пен палау таратты. Сондай-ақ, Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігілді. Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.
Шымкентегі этноауылда ұлттық мерекеде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда. Ақ шаңқан үйлер тігілді. Ұлттық спорттан бәсеке қызып, алтыбақанда тербелген жастар ән салуда.
Айта кетсек, Шымкентте бесінші ауданның құрылуына байланысты Абай ауданының аумағы өзгерді. Бұрын ауданда 34 елді мекен болса, қазір 27 елді мекенді құрап отыр. Асар шағынауданы да аумақтық бөліністе Абай ауданының аумағына енген.