Талап орындалмаған жағдайда бірінші басшылар мен жауапты қызметкерлер қатаң жазаланатындығы ескертілді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы, "Ақжайық" шағынауданында болып, тұрғындарымен кездесті.
Тұрғындар әкімге балалар алаңын орнату, жарықтандыру және аялдамаға дейін жол салу керектігін айтып, өтініш білдірді. Сонымен қатар, қоғамдық көлік қозғалысы мен қоқыс шығару мәселелерін де көтерді. Әкім тұрғындардың талап-тілектерін тиісті сала мамандарына қарастыруды тапсырды.
Қала әкімі "Жұлдыз" индустриялық аймағында да болды. Онда өндірістік парктің құрылысы мен "WAN SHENG CERAMIC" ЖШС-нің керамогранит өндіру жобасының бірінші кезеңімен танысты. Қазіргі таңда зауытта іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаның бірінші кезеңі қыркүйек айында іске қосылады, ал 2025 жылы толық жұмыс істей бастайтын болады.
Сондай-ақ, Еңбекші ауданы, Бадам өзеніндегі көпірдің жағдайын да тексеріп, жауапты мамандарға көпірдің құрылыс конструкцияларының техникалық жай-күйі туралы қорытынды жасау мақсатында зерттеу жүргізуді тапсырды.
Шаһар басшысы одан әрі “Көл,” “Qyrgy Bazar” (Жоғарғы базар), “Авто-Нұр” базарларының аумағы, Төле би, Ақпан батыр, Түркістан, С. Қожанов, Б. Момышұлы көшелері мен Абай саябағының санитарлық жағдайын тексерді.
Аралау қорытындысы бойынша аудан әкімдіктері мен жауапты мамандарға барлық қоғамдық нысандардың жағдайын күнделікті бақылау және бей-берекет сауда орындарын анықтау мен жою шараларын күшейту тапсырылды.
Талап орындалмаған жағдайда бірінші басшылар мен жауапты қызметкерлер қатаң жазаланатындығы ескертілді.
Ғабит Сыздықбеков «Қаланың барлық нысандары, көшелері мен аулалары таза, тәртіпті және тұрғындар үшін қауіпсіз болуы тиіс»,-деді.