Шаһар басшысы №3 қалалық емханаға барып, отандық QazVac екпесін алды.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирус инфекциясына қарсы екпенің үшінші құрамдас бөлігін салдырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шаһар басшысы №3 қалалық емханаға барып, отандық QazVac екпесін алды. Екпеден кейін 30 минут медициналық бақылауда болды, жағдайы жақсы.
«Бүгінге дейін қалада коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 589 843 адам салдырған. Екпенің II компонентін алғандар саны – 560 218 адамға жетті. 12002 азамат ревакцинацияланды. Бүгін өзім де ревакцинация жасадым. Осы вакцинация арқасында Шымкент үш ай бойы «жасыл аймақ» статусында. Тұрғындарды қайта екпе салдырып, инфекцияның ықтимал толқындарынан сақтануға шақырамын. Бұл өз және жақынымыздың саулығы үшін жасалатын өте маңызды қадамдардың бірі», - деді қала әкімі.
Шымкентте екпені қайта алғандардың басым бөлігі медицина мамандары мен мұғалімдер. Медицина мамандарының айтуынша, бұған дейін екі компонентті салдырған адамның ағзасында ковидке қарсы антиденелер қалыптасады. Екпеден кейін қалыптасқан иммунитет арада бірнеше уақыттардан кейін төмендей бастайды. Ал ревакцинация ағзада қалыптасқан иммунитетті қайта қалпына келтіріп, инфекциядан қорғану жүйесін арттырады. Сол себепті үшінші кезең бойынша екпе алатындарға бір ғана дозадан вакцина салынады. Үшінші доза алғашқы екі дозадан кейін 6-9 ай өткен соң салынады.