Аталған елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмыстары былтыр басталған болатын.
Бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Ақтас және Ақтас 2 шағын аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Ақтас шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда.
"Ақтас шағы ауданы бойынша 16,6, шақырым, Ақтас 2 шағын ауданы бойынша 16,5 шақырым газ құбырлары тартылып, табиғи газбен қамту жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі таңда тұрғындардың үй ішіне газ кіргізу дайындығы тексерілуде", - деді басқарма басшысы Б.Булатбеков.
Айта кетейік, қазіргі уақытта газ құбырларына сынама жұмыстары жүруде. Газ құбырлары тексеру жұмыстарынан өткеннен кейін газ беру жұмысы басталатын болады. Осыған орай, Ақтастықтар «ҚазТрансГаз» ШӨФ-ке қажетті құжаттар тапсырып, техникалық шарт алулары тиіс. Құжаттары дайын үйлерге абоненттеу жұмыстары рет-ретімен жүргізілетін болады.
Қала әкімі тексеру барысында арнайы сала мамандары мен тиісті мердігер мекемелерге жұмыс сапасы мен газ беру жұмыстарын тездетуді тапсырды.